Kyzylorda-news.kz. Енді мал дәрігері мамандығында оқитын студенттер үшін Қызылордада жаңа үлгідегі заманауи лабораториялық ветеринарлық клиника ашылды.

Жаңа клиника И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі базасынан ашылды. Игі шараның ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қатысып, ветеринариялық клиниканың аймақ үшін маңызды екенін, жаңа орталықтың жұмысы студенттер үшін тәжірибе алаңы болады деп атап өтті.

Қазіргі таңда И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінде 1513000 «Ветеринария» мамандығы бойынша 1513063 «Ветеринарлық техник» және 1513083 «Ветеринарлық фельдшер-инспектор» біліктіліктері бойынша жұмысшы мамандар даярлануда.

Колледж білікті кадрларды даярлауда бірқатар әлуметтік серіктестіктермен тығыз байланыста.

Тәжірибе базасында студенттер инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында жүргізілетін вакцинация, қан алу және ауру жануарларға ем жүргізеді. Сонымен қатар жануарларды бірдейлендіру, импорт, экспортқа шығатын жануарлар мен жануарлар өнімдеріне берілетін сертификаттауды үйренеді.

Ветеринарлық клиника арқылы жануарлардың барлық түрлерін клиникалық диагностикалайды. Арнайы құрал жабдықтармен УЗИ сканер, видеоотоскоппен зерттеулер жүргізе алады. Сонымен бірге хирургиялық оталар,процедуралық, вакцина салу, акушерлік қызметтер атқарады.

Шара соңында қалалық малдәрігерлік станциясымен колледж арасында бірлескен меморандумға қол қойылды.