Kyzylorda-news.kz.  Облыста әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы отбасыларды жұмыспен қамту басты назарға алынып отыр. Бұл ретте жыл басынан бері осы санаттағы 1673 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 746 тұрақты жұмысқа орналастырылды.

«Біз әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған отбасылардағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуды мақсат етіп отырмыз. Отбасылардың әлеуетін арттыруда мұның көмегі мол. Сондай-ақ, өңірде мұқтаж жандарға көмек ретінде жәрдемақылар мен төлемдер жүйесі қарастырылған. Аймағымызда мемлекеттік көмектерден бөлек, биылда қайырымдылық акциялары ұйымдастырылатын болады», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова.

Жалпы биыл өтетін «Қайырымды істер марафоны» да мұқтаж жандарға көмектесу мүмкіндігін еселей түспек. Бұл ретте қайырымдылық ақшалай, азық-түліктей ғана емес, мұқтаж жандардың үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу, тұрмыстық заттар алу сияқты түрлі бағытта жүзеге асатын болады.

«Біздің мақсат аз қамтылған көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдемдесу. Соңғы 3 жылда 45 отбасыға баспана берген екенбіз. Осы наурыз айында да жағдайы төмен 2 отбасыға баспана беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 570 отбасыны көмірмен қамтамасыз еттік», – деді Зекет қайырымдылық қорының басшысы Оңталап Жидебаев.

Айта кететін жайт, алдағы уақытта қайырымдылық шаралары «Бақытты отбасы» орталығы арқылы өтетін болады. Бұл мәселе туралы Қызылорда облысының волонтерлер фрон офисінің басшысы Болатбек Әйтімбетов айтып берді.

«Қазір аз қамтылған кейбір отбасыларға тиісті көмек жетпей қап жатады. Мәселен, бір отбасы әр қордан айына 3-4 көмек алса, бір отбасына бұлда бұйырмай қап жатады. Сондықтан өңірдегі қайырымдылықпен айналсып жүрген барлық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлардың басын біріктіру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта барлық қайырымдылық көмектері «Бақытты отбасы» орталығымен жасалатын тізім арқылы жүзеге асатын болады. Бұл процес көмектің тиісті, нағыз мұқтаж отбасыларға жетуін қамтамасыз етпек» – деді Болатбек Әйтімбетов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!