Қызылорда облысында мал қораның өртенуі салдарынан 16 қой мен 2 жылқы жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін, 10 қыркүйекте Жаңақорған кентіндегі А.Асанов көшесі бойындағы тұрғын үйдің мал қорасында болған. Бұл жөнінде хабарлама сағат 2.18-де төтенше жағдайлар қызметіне түскен.

«Хабарлама бойынша №14 өрт сөндіру бөлімінен 1 техника мен 4 қызметкер оқиға орнына барды. Анықталғаны, аумағы 10/20 шаршы метрді құрайтын мал қораның төбе жабыны толық жанған. Оған қоса ашық алаңда жиналған 100 пресс шөп отқа оранған. Мал қора ішінен 2 жылқы мен 16 қойдың жанып кеткен күйінде табылған», – деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, өрт 3.15е толықтай сөндірілді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада көп қабатты үйде болған өрттен 12 адам құтқарылды .

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!