Қызылордада облыстық «Рухани жаңғыру» және Қызылорда Халық шығармашылық орталығының қызметкерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы талқылап, негізгі бағыттарына тоқталды.
Жиында қос орталықтың қызметкерлері мақалада айтылған басым бағыттар мен міндеттерді жүзеге асыру мақсатында атқаратын жоспарларын ортаға салды.
«Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Уәлихан Ибраев жастар бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, тәуелсіздіктің қадір-қаиетін арттыруға аянбай үлес қосуымыз керектігін баса айтты.
Орталық қызметкері, тарихшы Жайна Сыдықова бұл орайда: «Жастар арасында батырлар жыры, дастандар, толғауларды талдау арқылы жергілікті жердегі жер-су атаулары, тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы тарихи танымды қалыптастыру қажет. Жергілікті архивтерде сақталған құжаттармен жүйелі жұмыс жасау, Сыр бойындағы тарихи орындар мен аңыздар негізінде балаларға арналған танымдық кітапшалар мен фильмдер дайындау ісін нақты қолға алған жөн», – деген ұсынысын білдірді.
Ал, Қызылорда облыстық Халық шығармашылық орталығының директоры Жанат Ашанқызы мақала міндеттейтін шараларды тілге тиек етіп, бойына ұлттық болмысымызды сіңіріп өскен ұрпақ тәрбиелеу басты міндет екенін жеткізді.
«Президент мақаласындағы: «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп атап өткен сөзіне үлкен мән беріп, осы бағытта үлкен жұмыстар қолға алынуы керек», – деді Жанат Ашанқызы.
Облыстағы маңызды қос орталықтың қызметкерлері жиын соңында Мемлекет басшысы мақаласындағы айтылған дүниелерді іске асыруда бірлесе жұмыс жасауға уағдаласып, тарқасты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!