Kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылдың 11 наурыз күні сағат 11.30 шамасында ұялы телефоннан Арал аудандық №3 өрт сөндіру бөліміне қоңырау шалынып, «Ғимаратта бомба бар» деген хабарлама түскен.

Қоңырау шалушының даусынан оның жасөспірім екені белгілі болып, ононимді хабарламашының ұялы байланыс нөмірі анықталған. Қазір аталған дерек бойынша іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.

«Оқиға орын ала салысымен терроризмге қарсы іс-қимыл саласы бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде «жалған терроризм» туралы хабар түсіруші Арал қаласының тұрғыны, 2012 жылы туған, 3-ші сынып оқушысы екені анықталды. Жалпы мұндай қылмыстар ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында қарастырылған. Яғни, жалған ақпарат таратқан адам 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылып және тексеріс жұмыстарына тартылған мемлекеттік органдардың материалдық шығынын өтеуі мүмкін», – деді облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының орынбасары Қуаныш Оразов.

«Жалпы «жалған терроризм» туралы хабарлама тарату қылмыстың ауыр түріне жатады. Сондай-ақ, заңға сәйкес, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс үшін оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады. Біреулерге мұндай әрекеттер баланың ойыны, еш зияны жоқ әрекет болып көрінуі мүмкін. Бірақ түскен ақпаратты ойын деп есептеп, тиісті шаралар атқарылмай қалса, оның соңы адам шығына, басқа да материалдық залалдарға әкеліп соғуы мүмкін. Әрі жалған ақпарат таратушыны табу үшін де құзырлы органдар белгілі бір материалдық-техникалық, қаражатты және жұмыс уақытын шығындауға мәжбүр болады», – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Усаин Медет.

Айта кетейік, аталмыш қылмыстардың алдын алу мақсатында баспа беттерінде, әлеуметтік желіде, білім беру мекемелерінде және қалалық «Автобус паркі» мекемесінің автобустарында «жалған терроризм» үшін заң алдындағы жауапкершілік туралы жадынамалар орналастырылған. Бұл жұмыстар жыл бойы жалғасын табады.

Еске сала кетейік, облыста мұндай жалған ақпарат беру бұған дейін соңғы рет үш жыл бұрын тіркелген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!