«Jibek Joly» телеарнасына сұхбат берген Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тасымалдау департаментінің директоры Нұржан Малаев рейстер кешіккен уақытта жолаушыларға қандай қызмет көрсетілетінін айтты.

«Авиация саласында кешігу, рейстердің орындалмау жағдайлары болып тұрады. Бірақ осы кешіккен уақытта жолаушылардың құқығы қалай сақталады? Мәселен, ҚР Әуе кеңістігін пайдалану және авиация туралы Заңының 86-бабына сәйкес, рейс кешіккен кезде тасымалдаушылар нақты қызмет көрсетуі керек. Егер сіздің рейсіңіз 2 сағаттан артық уақытқа кешіксе, онда жолаушыларға екі рет қоңырау соғу мүмкіндігі беріледі. Оның ішінде халықаралық қоңыраулар және электронды пошта арқылы хабарлама жолдау мүмкіндігі бар. Одан кейін салқындатылған сусындар беріледі. Егер сіздің рейсіңіз 4 сағатқа кешіккен болса ыстық тамақ беріледі. Сонымен қатар, рейс күндізгі уақытта 8 сағатқа кешіксе, ол жағдайда жолаушылар қонақ үйлерге орналастырылады», – департамент директоры.

Оның айтуынша, соңғы екі айда отандық қос әуекомпанияға 7 000 АЕК көлемінде (22 260 000 теңге) айыппұл салынған. Бұл тасымалдаушы компаниялар рейстер кешіккен уақытта жолаушыларға тиісті қызмет көрсетпеген.

«Екі әуекомпаниясы рейстер кешіккен кезде жолаушыларды ыстық тамақ, су және қонақ үймен қамтамасыз етпеген. Сондықтан тексеріс нәтижесінде осы мәселелер анықталып, айыппұл салынды.

Айта кетейін, әрбір жолаушы өзінің құқығы бұзылғаны туралы Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне хабарласып, шағым түсіре алады. Жалпы рейс кешіккен кезде әрбір сағат сайын билет құнының 3 пайызы көлемінде өтемақы төленеді. Ол үшін әуекомпанияларға тікелей арыз жазу керек», – деді Нұржан Малаев «Жаңа уақыт» бағдарламасына берген сұхбаты барысында.

Еске салайық, бұған дейін көп сынға ілккен Air Astana компаниясының басшысы рейстердің кешігуі неге жиілегенін түсіндірген болатын. Оның дерегінше, әуежайларда қызмет көрсететін қажетті ресурстар тапшы. Мұнымен қоса, ұшақтардың қозғалтқыштарына қажетті бөлшектерді елге жеткізу қиындаған.

ҚазАқпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!