SN.kz. 2026 жылдың сәуір айында Қазақстан банктерінің капиталы бірден 213 млрд теңгеге қысқарып, 11 трлн теңгеге дейін құлдырады. Ұлттық банктің бұл есебі сырт көзге әдеттегі статистика болып көрінгенімен, іс жүзінде отандық қаржы секторындағы үлкен дағдарыстың белгісі. Банктердің міндеттемелері 1 016 млрд теңгеге өсіп, 60,35 трлн-ға жеткен. Яғни, қарыз бен жүктеме артқан, ал оны жабатын өз капиталы азайған.

Жыл басынан бері (қаңтар-ақпан айларында) активтердің 70,77 трлн-нан 70,04 трлн теңгеге дейін қысқаруы жүйедегі тұрақсыздықты одан сайын айқындай түседі. Сәуірдегі активтердің өсімі – бұл даму емес, инфляция мен халықты жаппай несиелендірудің салдары.

Цифрлар артында не жасырулы? Банк жүйесінің 3 негізгі проблемасы

1. Тұтынушылық несие көбігі: Халықты тонау арқылы күн көру
Отандық банктер нақты секторды, өндірісті немесе бизнесті қаржыландыруды тоқтатты. Оларға зауыттарға ұзақ мерзімді несие бергеннен көрі, қарапайым халыққа 30-40%-бен заттай несие мен микроқарыз үлестірген тиімдірек. Банктердің активі халықтың мойнындағы қарыз есебінен өсіп отыр. Бұл – экономиканы алға сүйрейтін емес, оны құрдымға жіберетін «көбік».

2. Мемлекеттік дотацияға тәуелділік
Қазақстанның қаржы секторы бюджет қаржысына «отырып алған». Мемлекеттік бағдарламалар мен квазимемлекеттік сектордың миллиардтары банктерде тегін дерлік жатыр. Олар соны жоғары пайызбен халыққа қайта несиелеп, пайыздық спрэдтен миллиардтар тауып отыр. Өз капиталының 213 миллиардқа азаюы – банктердің сыртқы шоктарға төтеп беру қабілетінің төмендегенін және менеджменттің сауатсыздығын көрсетеді.

3. Көлеңкелі тәуекелдер мен реттеудің әлсіздігі
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктердің есебін әдемілеп көрсеткенімен, капиталдың мұндай көлемде жылыстауы – ірі акционерлердің ақшаны сыртқа шығаруы немесе сапасыз активтерді (қайтарылмайтын несиелерді) жасыру үшін жасалған ішкі манипуляциясы болуы мүмкін.

Капиталдың қысқаруы – банктердің кез келген қаржылық дағдарыс алдында дәрменсіз болып бара жатқанының белгісі. Егер ертең девальвация немесе жаппай несие төлей алмау процесі басталса, бұл 11 трлн теңгелік капитал бүкіл жүйені құтқара алмайды.

Банктер тек халықтың қалтасын қағатын «ломбардтық» деңгейден шығып, нақты шағын және орта бизнесті қолдамайынша, бұл статистика алдағы үлкен жарылыстың прелюдиясы болып қала бермек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!