Қай елге барсаң да, адамды өзіне тартатын – оның мәдениеті мен адамдары. Кейде әлемнің жеті кереметінің бірін көзіңмен көрсең де, егер онда жан жылытатын дәстүр мен құрметті адамдар болмаса, көңілде қалған әсер солғын тартып, қызығушылық та бәсеңдейді. Сондықтан елдің шынайы көркі ғимараттарында емес, адамдардың жүрегіндегі жылу мен болмысында. Шерхан Мұртаза өзінің «Ай мен Айша» шығармасында туған жерге деген сағыныш пен махабатты былай жеткізеді: «Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Монғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иранда болдым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым. Олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін». Бұл сөздер арқылы жазушы адамның қай жерде жүрсе де, жүрегі туған жерімен бірге болатынын, нағыз сағыныш пен махабаттың тек өз еліне ғана бағытталатынын әсерлі түрде сипаттаған. Бізді бір елге қайта баруымыз үшін сол жақта күтетін жандардың болуы маңызды. Мәдениет – адамзаттың тарих бойындағы рухани құндылықтарының жиынтығы. Әр тұлға өз елінің тарихын, мәдениетін білуі шарт. Жат жерде елінің тарихын өзгелерге дәріптеп, қызықтыра алуымыз қажет.
Көпшілігі айтатын қазақ халқының мәдени ерекшелігі неде? Қазақ халқы тарихқа, табиғатқа бай халық. Туристердің пікірінше мейірімділік, адамгершілік, жаңашылдық, төзімділік сияқты қасиеттер ұлы даланы мекен еткен қазақ халқының ұлттық болмысында ерекше танылған. Елімізге келген әрбір мейманды төрге шығарған халық екенімізге дәлел мол. Бұл қасиет көптеген ғасырбойы қалыптасқан. Бұған Қорқыт ата өсиетін еске түсірсек: «Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық». Қазақ халқы дәулеттің арқасында қонаққа тегін дастарқан жайып, қонақжайлылығымен әлемді мойындатқан жұрт. Осы тұста XIX ғасырдағы неміс зерттеушілерінің бірі Ф.Фон Хелльвальд та былай деп жазды: « Қырғыз – қайсақтар (қазақтар) барынша қонақжай мейірімді келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне әбден болады». Бұл қасиеттер қазақтардың арғы ата-бабалары ежелгі сақ, үйсін, қаңлы, ғұндардан, орта ғасырлық түркілерден дарыған.
Ұлтымыздың мінезіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан жасы үлкенді сыйлау, сөзге беріктік, әйелді құрметтеу сияқты қасиеттер құндылықтарымыздың берік тұғыры саналады. Ш.Уәлиханов: «Қазақтар – дүниежүзіндегі ең мейірімді халық», – деп жазады. Қазақ халқы дәстүр мен жаңашылдықты әрдайым берік ұстанған. Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден бар. Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екеніне қарамай көрсетіледі. Екі қазақ кездесе қалғанда, жасы кішісі үлкеніне бірінші сәлем береді. Үлкенді құрметтеу барлық жағдайда бар. Онымен қоса, ежелден келе жатқан әдеп-ғұрыптардың бірі – дәм ауыз тию. Үйге бас сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбей, батасын алмай жібермейтін. А.Янушкевичтің қазақтардың қонақжайлылығы туралы «Егер экватор сызығын бойлап ылғи қазақ ауылдары қонып отырған болса, мен жер шарын бір тиын ақша жұмсамай айналып шыққан болар едім» деген сөзі дәл айтылған. Жалпы қазақтар арасындағы өзара байланыстарды нығайтып, қоғамның бүтіндігін бекемдеген. Бұл жағынан қазақтар басқалардан көш ілгері тұр.
Түйіндей айтқанда, кез келген елдің шынайы байлығы – оның мәдениеті мен дәстүрінде. Сырт көзді таңғалдырған көрікті жерлер уақыт өте өз әсерін жоғалтуы мүмкін, ал халықтың рухани құндылықтары, салт-дәстүрі мен адамгершілігі мәңгілік маңызын жоймайды. Қазақ халқының да ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті – ұлттың болмысын айқындайтын асыл қазына. Сондықтан, жаһандану дәуірінде өз тамырымызды ұмытпай, ұлттық құндылықтарды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – әрқайсысымыздың басты міндетіміз. Өйткені мәдениеті мен дәстүрін қадірлеген ел ғана өз болашағын нық қалыптастыра алады.
Назым ЖӘНІБЕК,
№268 мектеп-лицейінің оқушысы.
Жетекшісі: Базаркүл БАДАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!