«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы Астана қаласындағы кардиохирургия орталығында оңалтудан өтіп жатқан балаларға Жаңа жыл қарсаңында тамаша тарту жасады. Аталмыш емдеу мекемесінде дүниеге келгенінен жүрек ауруы бар балалар ем алуда.

Топтың бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының бастамашылық жобасы аясында аталмыш емдеу мекемесіндегі 30 балақайға елдегі танымал сауда желілерінің бірінен қалаған тауарын алуға 50 мың теңгелік сертификат табысталды. Мұндай сый оңалтудан өтіп жатқан балалардың көңілін серпілтіп, қуантты. Олар емдік шараларды толығымен аяқтаған соң ұнаған тауарын таңдай алады. 

«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов балалардың Жаңа жылда тезірек сауығып кетуін тілеп, мейраммен құттықтады. Сондай-ақ, ата-аналармен және медицина қызметкерлерімен тілдесті. 

«Жүрек – адам ағзасының ең маңызды бөлігі. Сондықтан барлығымыз оның сау болуын тілеп, қалыпты түрде, еш ақаусыз соғып тұруын қалаймыз. Бүгінгі таңда отандық медицина қарыштап дамып келеді. Жоғары деңгейге көтерілген денсаулық сақтау саласында мықты әрі білікті дәрігерлер мен заманауи құрал-жабдықтар бар. Бұл сынақтан қайыспай өтіп, өмірлеріңіздің жарқын кезеңге толы болуын тілеймін», – деді сыйлықтарды табыстаған Ғибрат Ауғанов. 

Айта кетейік, бұған дейін Қор басшылығы Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы жалпы саны 800-ден астам балаға еңбек ұжымдары атынан жаңажылдық сыйлықтар мен сертификаттар, тәттілер жиынтығын тарту етіп, мерекелік көңіл-күйге бөледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!