Қаза болғандардың жақындарынан, кеншілеріміздің әріптестерінен кешірім сұраймыз.
3 қарашада Қарағанды облысындағы шахтада газ шығып, бес адам қаза тапты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің директоры Арман Қалықов қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
2022 жылғы 3 қарашада шамамен түнгі сағат 3.00-те Шахтинск қаласындағы «Арселор Митал Теміртау» АҚ-ның Ленин атындағы шахтасында газды дренаж скважиналарды бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде газ шығуы салдарынан 5 жұмысшы қайтыс болды. Тағы бір жұмысшыны іздеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 4 жұмысшы ауруханаға жатқызылды.
«Арселор Миттал Теміртау» көмір департаментінің директоры Арман Қалықов қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасынан кешірім сұрап, оларға көмек көрсетілетінін айтты.
«Қаза болғандардың жақындарынан, кеншілеріміздің әріптестерінен кешірім сұраймыз. Қаза болғандар мен зардап шеккендердің бәрінің отбасына көмек көрсетіледі», – деді ол.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы шахтада болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдап, үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасына тиісті көмек көрсетуді тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин төтенше жағдай болған жерге барып, апатты тексеретін арнайы комиссияны басқарады. Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!