Шымкентте жасөспірім қараусыз қалған карьер шұңқырындағы суға батып, қайтыс болды. Оның мәйітін жедел-құтқару жасағының құтқарушы-сүңгуірлері шығарып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай кеше, 2 мамыр күні сағат 14:45 шамасында болған. «Қайтпас-1» шағынауданында 15 жастағы бала суға шомылуға жабдықталмаған шұңқырға түскен. Атап айтқанда, қараусыз қалған карьерлік қазаншұңқырда жерасты сулары көтерілген тұстары пайда болған. Артынша бала белгісіз жағдайда суға құлап, батып кеткен. Оқиға орнына Шымкент қаласы ТЖД 5 қызметкері, жедел-құтқару жасағының 4 құтқарушы-сүңгуірлері, 1 техника, 1 жүзу құралы тартылған.

«Жедел-құтқару жасағының құтқарушы-сүңгуірлері оқиға орнына келіп, су астында іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күндізгі сағат 16:20 кезінде суға батып кеткен жасөспірімнің мәйітін тапты. Қазіргі таңда қайғылы оқиғаның себебі нақтылануда. Қаратау ауданының полициясы сот-медициналық сараптама тағайындап, анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр» делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!