Бізді не бақытты етеді? Әрине, бізді бақытты ететін нәрсе көп. Тізе берсек, шеті мен шегі жоқ. Мысалы, мұхитқа саяхат, лайықты жұмыс, сирек өнер туындыларының көрмесі, жақындармен бірге өткен демалыс, сәтті бизнес кездесу, айна алдында билеу, жаңа шаш үлгісі, дәмді тағам, тәтті коктейль немесе жай ғана шоколад. Мұндай себептер көп адамдарда ұқсас келуі мүмкін немесе жеке қызығушылығына байланысты тым өзге болуы да ғажап емес. Бірақ, бір қызығы, бақытты болу белгілі бір шыңға жету емес, ол да қабілеттің бірі болып шықты. Мысалы, кей қасиеттер адамға өзін бақытты сезінуге жол сілтейді. Мінезінде біз айтқалы отырған қасиеттер бар адам өміріне қанағаттану қабілетіне ие.

Иә, бұл жай пікір емес. Бұл ғалымдар тұжырымы. 706 адамның қатысуымен көп сатылы сауалнама жүргізген америкалық ғалымдар тобы осындай қорытындыға келді. Белгілі психолог әрі подкастер Скотт Барри Кауфманның жетекшілік ететін интеллект, шығармашылық және адами әлеуетті зерттеумен айналысатын жоба бақытқа ықпал ететін бес жеке қасиетті анықтады. 

ӨМІРСҮЙГІШТІК

Қазір адамдар зеріккіш. Олар әлемге таңдана қарау қабілетін жоғалтқан. Мұхаммед Салық Ұлықбек туралы оның өмірінің соңына дейін әр нәрсеге қызығып өткенін жазады. Тіпті, әр адамның саусақ ізінің қалайша алуын түрлі, еш қайталанбайтындай болуына дейін оның санасын мазалаған. Ойланып көріңізші, айналаңызда сондай қасиетке ие адам көп пе? Болса да, саусақпен санаулы шығар.

Біз бәрімізде күнделікті ашылуларға шын жүректен қуану қабілеті сынды керемет қасиетпен туылғанбыз, бірақ, өкінішке орай, есейе келе оны ұмыттық. Біз тек үлкен жетістіктерге назар аударуды жөн санап, кішігірім қуанышты бағалауды білмейміз. Біз бақыттың дәл қазірге сәт екенін ұмытып кетеміз. Осы сәттен ләззат ала отырып, біз өмірге деген қанағаттың сарқылмайтын қол жетімділігінің құпия көзін ашамыз. Адам бақытты тек шын сезінген кезде ғана өмірі мағыналы болады. Осы өмірсүйгіштік қасиетін бала кезінен арқалап келе жатқандар ғана бұл сезімге терең болаған жандар. 

АШЫҚ МІНЕЗ

Әдепті, мінезі ашық және кекшіл емес адамдар оң энергетикаға қанық. Бұл қасиеттер сөзсіз бақыт сезіміне әкеледі. Ал керісінше – адамдардан аулақ жүретіндер, құпияларды жасыратындар және кеудесінде реніш сақтайтындар көбінесе қиындықтарға тап болады, үнемі күйзеліске түсіп, әлеуметтік жағдайының жақсаруына өз мінездерімен кедергі жасайды. 

ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ

Жасаған әр нәрсесін қуана әрі рахаттана жасайтындар шын бақытты адамға айналады. Қолыңыздан келгеннің бәрін құлшына жасау, өзіңізге ұнайтын және керемет нәрсені қолға алу сіздің үйіңізге бақыт құсын қондырады. Мейлі ол корпоративті кешке келетін қонақтардың тізімінен ғылыми ғарыштық зерттеулерге дейінгінің бәрі болсын. Тек аянып қалма. Сол маңызды. 

ШЫН ЖАНАШЫР

Басқаларға деген жанашырлық пен қамқорлық – қуаныш әкелетін және риясыздықты үйрететін ішкі дүниеңнің сұрауын қанағаттандырудың тағы бір көзі. Альтруизм қай кезде де орынды болады. Жақындарыңыз, достарыңыз, әріптестеріңіз, қолдауды қажет ететін кез келген адам сіздің  қарым–қатынасыңыз арқылы жанына жұбаныш тапсын. Жанашырлық көрсетуден тартынбаңыз, тіпті сұрағанынан артық көмек көрсетіңіз. Осындай көңіл сіздің шын бақытты адамға айналуыңызға септігін тигізеді. 

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ

Жаңа білім, жаңалықтар, өзін-өзі тәрбиелеу, ғылыми пікірталастар мен түрлі тақырыптарға қызығушылық танытатындар ешқашан зерікпейді. Олар – мәңгі бақытты болуға қол жеткізгендер. Бұл қасиет бақыттың қаншалықты қол жетімді екенін ұққан жандарға тән. Жақсы көңіл-күй интеллектіні арттырумен тікелей байланысты, себебі қызығушылық – бұл өзін-өзі танудың сарқылмайтын ресурсы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!