Есірткі Қазақстанның соры болғалы қашан. Географиялық орналасуымыз, табиғатымыз бұл кеселмен бізді көрші қылып қойды. 140 000 гектарға жайылып жатқан Шудың қарасорасы, ел арасында “наша” аталып кеткен есірткі алқабын айтпағанда, тоғыз жолдың торабы – Қазақстанды Ауғанстанның есірткі керуені кесіп өтеді. Алайда көкнар мен наша бала ойыншығы болып қалды. ХХІ ғасыр құбыжығы – синтетикалық есірткілер.
Нашақорлықпен күрес – бүкіл қоғам болып қолға алға тиіс міндеттердің бірі. Елімізде сананы улайтын есірткі саудасымен айналысатындардың жолын кесіп, оны қолданатындарға тосқауыл болудың барлық қам-қарекеті қолға алынған. Біреудің көз жасынан ақша жасап, дүние жинап дәндегендер де сәт сайын айла ауыстырып, басқаша соқпақ салуға көшкен. Мысалы, қазір құзырлы органдар синтетикалық есірткіні жарнамалаушыларға қарсы күреске кірісті. Соңғы уақытта көптеген қалаларда осы бір қауіпті синтетикалық есірткіні жарнамалау белең алған.
Иә, қазіргі кезде есірткінің жасырын жарнамасын қоғамдық орындардан көптеп кездестіруге болады. Мысалы, сіз көп қабатты үйлердің қабырғаларынан, дуалдардан түсініксіз граффитиді, аэрозоль бояулармен жазылған жазуларды, хэштегтер мен сызбаларды көрдіңіз делік. Бұл нашасыз тұра алмайтындарға арналған белгі, ымдар. Әрине, бұл қатарда біздің шаһар да бар. Нақтырақ айтсақ, Сужиков көшесі мен Астана ықшам ауданында осындай белгілер көп болып шықты. Есірткі саудасымен айналысатындар, «тәжірибелі» тұтынушылар мұның Telegram-каналдағы есірткі сататын дүкендердің мекен-жайы екенін бірден біле қояды. Әлеуметтік желіні осындай мақсатқа пайдаланғандар ешқандай нақты дерексіз-ақ сауда қыздырып жатыр.
Қазір әлеуметтік желінің көп шаруамызды жеңілдетіп қойғаны рас. Бірақ медальдың екінші жағы болатыны сияқты әлемжелінің заңмен тыйым салынған заттарды тарату мен қолдануға мүмкіндік жасап отырғанын да ұмытпайық. Бір қиыны, есірткі саудасының осы түріне тоқтам салуға құқық қорғау органдары да қауқарсыз болып отыр.
Мамандардың пікірінше, бұл синтетикалық заттар адам ағзасында тәуелділікті тез қалыптастыратындығымен ерекшеленеді отыр. Оны бір рет тұтынған адамның орталық жүйке жүйесі зақымданады да, қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт кетеді. Оны саудалаушыларға керегі де осы. Кеше ғана шапқылап жүрген жанның аяқ асты есірткіге тәуелді міскінге айналып шыға келуінен талайлар есепсіз табыс тауып отыр.
Статистикалық деректер синтетикалық есірткіге тәуелді болатындардың басым көпшілігі 14-21 жас аралығындағы жасөспірімдер екенін айтады. Ең қорқыныштысы, олардың қатары ай, жыл емес, күн санап артып келеді.
Мамандар синтетикалық есірткілердің әсері марихуанадан әлдеқайда күшті екенін айтып, дабыл қаққалы қашан. Осыдан оншақты жыл бұрын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі әртүрлі миксыларды ел аумағына әкелуге тыйым да салған. Бірақ оларды әкелуге тосқауыл қойылғанмен, пайдалануға тыйым салынбады. Есірткілер тізіміне енгізілмеді. Синтетикалық есірткіні елімізге тасымалдауға заңмен тыйым салынғанымен, ел ішінде саудалауға ешқандай шектеу жоқ. Ең сорақысы, бұл синтетикалық есірткіні тұтынушы бір шеккеннен-ақ тәуелді болып қалады екен. Психикаға зияны да көп. Мысалы,“Мені біреу аңдып жүр” немесе Қазандағы мектепте атыс шығарған жас жігіт секілді “Мен құдаймын” деп жастар арасында ақылынан адасу осы синтетикалық есірткіден дейді мамандар. Бұл есірткіден айыққаның өзінде психикалық аурулардан айығу мүмкін емес екен. Тағы бір айта кететіні, табиғи есірткі пайдаланған адам кемінде 10 жыл өмір сүреді, ал синтетикалық есірткіге тәуелді адам бар болғаны 2-3 жыл ғана.
Синтетикалық есірткілерді саудалауға қарсы заңдық тетік жоқтығы әрине одан күреп пайда тауып отырғандар үшін тиімді. Осыдан да қазір спайс, әртүрлі миксылар мен тұздар елімізде емін-еркін саудалануда. Сол себепті Қазақстанға мұндай заттарды әкелуге ғана емес, оны пайдалануға да тыйым салу керек. Оларды таратушылар да жазадан тыс қалмағаны жөн. Олай болмаған жағдайда есірткі пайдаланушылар мен есірткіге қатысты қылмыс саны азаймасы анық.
Нарколог мамандар улы заттарды зияндылығына қарай түр-түрге бөліп отыр. Синтетикалық есірткілердің ішіндегі ең қауіптісі каннабиноидтар – яғни спайс. Бұл «тұздар» деп те аталады. Адамды өзіне бірден тәуелді ететін бұл есірткі Қазақстанға Қытайдан жеткізіліп отыр. Спайс деп аталатын темекі қоспасы да бар. Оның құрамына психобелсенді әсер беретін шөптер енеді. Әсіресе шалфей, көк лотос, гавайлық раушан гүлі адамды мәңгіртіп тастауға толық жетеді. Кейіннен зерттеулер жүргізгенде, ұнтақтан қарасорада кездесетін синтетикалық заттектер каннабиноидтердің бірқатары табылды. Өндіруші шөп қоспасына дамыған елдердің көбінде тыйым салынған синтетикалық психобелсенді заттектерді қосқан. Мұндай есірткі түрлері Ресейде де, Еуропа елдерінде де кеңінен тарап отыр. Әлемде синтетикалық есірткінің 240-тан астам түрі бар. Бірқатар елдерде синтетикалық еліткіш заттар есірткілер тізіміне енген. Алысқа бармай-ақ, Ресейде «спайс», «дизайнерлік қоспа» деген синтетикалық наркотиктерге қатаң тыйым салынған.
Қазіргі кезде жастар арасында шылымға араластырып шегуге арналған қоспалар түріндегі есірткі тым жылдам таралуда. Ола туралы алғаш рет осыдан оншақты жыл бұрын белгілі болған. Содан бері сор әкелген сорадан пайда тапқандар көбейіп, олардың айла-амалдары да мың құбылды. Қысқасы, оларды тыпыр еткізбейтін заң керек. Әйтпесе жасы есірткіге еліткен елдің ертеңі болмайды. “Сұрап алған аурудың емі жоқ” деуші ме еді осындайда? Есірткі оған әуес болғанның ғана қасіреті емес, ерді қолға қару алуға жарамсыз қылып жатса, ол халықтың да қамы емес пе?

Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!