Әжімнің алдын алуға

бола ма?

Косметолог-эстет Жанар Серікқалиева бет пішінін екпемен емес, түрлі массаж жасау, күтімді күшейту арқылы қалыпта ұстауды қолдайтындар қатарынан. Бүгінде сертификатталған маманға жүгінетін қыз-келіншектер көп. Оның айтуынша, бет терісіндегі мәселенің басым бөлігі 20-25 жастан кейін басталады. 20-30 жасқа дейін бет терісі жас, 30-40 жас аралығында орташа, 45-тен кейін қартайған санатқа кіреді. Қыздар қауымы жас теріге арналған кремдерді қолдануы қажет. Кей ер адамдарға 20 жастан кейін for men косметиканы пайдалануға болады. 45+ кремдердің құрамында гиалурон, коллаген көп. Ал жастарға арналған кремдерде Е, С тәрізді дәрумендер болуы керек. Осыған назар аудару маңызды. Бұдан бөлек, ерте жастан боянудың зияны бар. Маман боянба демейміз, тек жасқа сай косметиканы дұрыс таңдау керек деген пікірде.

–  Жас қыздардың ең көп жіберетін қатесі – базаны қолданбай боянуы. Бірақ соңғы кездері адамдардың бет терісі жақсарып келеді. Оған бьюти-блогерлердің әсері көп. Олар барлығын қалай жасау керек екенін, қандай күтімнен кейін боянуды бастауға болады, соның бәрін көбіне дұрыс айтады. Өз бетінше консультация алатындар көп. Бұл – дұрыс қадам. Мамандар бет терісінің ерекшелігіне байланысты косметика іріктеп береді. Теріде проблема болса да, болмаса да, 18-20 жасқа келгенде косметологқа көріну қажет. Өйткені бір рет алған кеңес бетіңіздің жылдар бойы жас көрінуіне кепіл болуы мүмкін. Адам ағзасында гиалурон қышқылы болады. Ол ағзадан шамамен 25-30 жасқа дейін шығады. Соның әсерінен 30 жасқа дейін адамның беті балғын. Осы жасқа келгеннен кейін қышқыл бөлінуін тоқтады, содан бетте сызық, әжім пайда бола бастайды. Бірақ, гиалурон қышқылының ағзада жиналған қорын 5-6 жылға дейін қолдануға болады. Ол үшін бетке 30 жастан кейін ерекше күтім жасауды ұмытпауға тиіспіз. Кей адамдардың бетіне 35-36 жасқа дейін әжім түспейді, осы күтімнің арқасында, – дейді ол.

Сондай-ақ тері қабатында коллаген мен эластин бар. Ультра күлгін сәулелері терінің дұшпаны.  Оның үстіне қандай да бір оқиғаға әсерлену барысында қыз-келіншектер қозғалмалы бұлшық ет орналасқан теріге әжім түсіреді. Жас кезде мұндай әжімді қалыпқа келтіру оңай, ал уақыт өте келе тегістеу қиын. Бұлшық етке сәл еркінсу мүмкіндігін беру арқылы тегістеуге мүмкіндік бар. Бетке арналған массаждың да көмегі зор. Массаж кезінде терідегі қан айналымы жақсарып, ұсақ әжімдер жазылады, ісік басылады. Бірақ, купероз, безеу сынды тері аурулары кезінде оны қолдануға болмайды. Бұдан бөлек, мұндай тұста ботокске жүгінетіндер бар. Бұл ретте А типті ботулотоксин 6 ай бойы әсерін жоғалтпайтын көрінеді. Сондықтан ботокс пен диспортты қайталап ектірген абзал. Ал ботулотокситан – бұлшық еттің жүйке жүйесіндегі қозғалыс бағдарын бұза алатын ақуыз. Егу барысында жүйке талшықтарының пәрменіне қарамастан ботулотоксиннің арқасында бұлшық еттердің тартылуы тоқтайды. Алайда, денсаулыққа қауіп жоқ емес. Сондықтан косметолог-эстеттің кеңесіне құлақ түрген жөн және ережелерді ескеру керек.

Әр масканың әсері әртүрлі

Бұдан бөлек, косметолог қазіргі технологияның жетістігімен беттегі дақты 90 процентке дейін кетіруге болатынын алға тартты. Сонымен қатар кең тараған бал, балшық, саз маскаларын қолдануда сақ болуды ескертті. Мысалы, бал бетті ылғалдандырады әрі оның бір қабатын пилинг тәрізді түсіріп тастайды. Бал маскасын қолданған соң бет қызарып тұрады. Бұл масканы жасағаннан кейін 2-3 тәулік күн көзіне көрінбеу керек, яғни далаға шықпау қажет. Өйткені ол бет терісін күйзеліске ұшыратады. Ал балшық, саз маскасын құрғақ бетке жағуға болмайды. Лимонды да дұрыс қолданбайтындар бар. Ал, ол бетті күйдіріп тастайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, үй жағдайында жасайтын кез келген процедураның жөн-жосығын маманнан білу керек. Біреуге оң әсер еткен тәсіл сізге жарамауы мүмкін.

Қалыбы өзгерген қабақ

Желіні парақтасаңыз, блефаропластикаға қатысты ақпараттардан көз сүрінеді. Ол – жоғары және төменгі қабақтың артық терісін және жарықтарын жоюға бағытталған шара. Ең қызығы, оған қызығатындар аз емес. Блефаропластика арнайы жіптермен – сангапуримен жасалады, хирургиялық жолы да бар. Бірақ, ол ұзақ уақыт алады екен. Ақпарат көздерінде мамандар көбіне бұл қызметке 30 жасқа дейінгі әйелдер жүгінетінін және оған 150-300 мың теңгеге дейін қаржы кететінін алға тартқан. Барлық нұсқама ескерілсе, блефаропластикадан кейін қиындық туындамайды. Процедурадан кейін бір апта қатаң түрде моншаға баруға тыйым салынады, спортпен айналысуға, ауыр физикалық жаттығу жасауға болмайды.

Сондай-ақ, блефаропластикада жас мөлшері шектелмейді. Дегенмен, бірқатар қарсы көрсетілім бар, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті, қан аурулары, астма және басқалары. Әрі оны жүкті және бала емізетін әйелдерге жасатуға болмайды. Ерін пішінін өзгерту, үлкейту процесі осыған ұқсас. Қазір біздің өңірде де бұл қызмет түрін көрсететін салондар жеткілікті және оған жүгінуші жерлестеріміздің, әсіресе жастардың қарасы қалың. Қалай десек те, әйел баласының әдемілікке іңкәрлігінде тұрған оғаштық жоқ. Десе де, жасанды сұлулықтың жан азабына айналмауын ойлау әркімнің өз қолында.

А.МАНСҰР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!