Әлемнің бесігін тербетіп тұрған мейірім мен махаббат болса, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абайдың сөзі өмірлік ұранға айналуы заңды. Жақсылық жасау үшін миллионер болудың, жаһанға жария қылудың, көпшіліктің қошеметіне бөленер сәтті күтудің қажеті жоқ. Жүректе бір ғана мейірімнің болғаны жеткілікті. Жа­қында ғана Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйлердің бірінде 8-қабат­тан құлап кете жаздаған бүл­діршінді құтқарып қалған көр­ші­сінің әрекеті де осының мы­­салы.

Жерлесіміз Сәбит Шонтақбаев басын бәйгеге тігіп, оқыс оқиға кезінде «Камал-2» тұрғын үй кешенінде балконның ернеуіне ілініп қалған 3 жасар қыздың жанын сақтап қалды. 36 жастағы азамат оны даладан байқап қалып, бірден 7-қабатқа көтерілген. Көршісінің балконындағы терезеден шығып, өз өмірін қатерге тіккен жігіт ағасының 3 жасар қызды құлап бара жатқан сәтінде ұстап қалып, мемлекеттің басты «капиталы» – адам өміріне араша түскені көптің жүрегіне жылу сыйлап, қоғамның ықыласы мен алғысына ие болды. Оның айтуынша, оқиға кезінде үрейге берілуге уақыт та болмаған.

– 11 мамыр күні сағат 10:00 кезінде жұмысқа шығып бара жатыр едім. Бұрылыста 2-3 кісі жиналып тұр екен. Неге жиналып қалды деп жақындап барсам, 8-қабаттағы пәтердің бірінің терезесінде кішкентай бүлдіршін ілініп тұр. Оны көрген сәтте бар ойым тек баланы құтқару болды. Ойланбастан бірден 7-қабатқа көтерілдім. Көршінің есігін қағып, ішке кіріп, кішкентай терезеден сол баланы құтқаруға тырыстым. Шамамен 10-15 минуттай салбырап тұрды-ау деймін. Балапанның көрер жарығы бар екен, – дейді құтқарушы.

Бүлдіршінді аман алып қалған Сәбит Шонтақбаев – төрт баланың әкесі. Бала-шағасы мен жары Қызылорда қаласында. 14 жыл бойы үй ішімен жалдамалы баспананы амалдап жүргендіктен, материалдық жағдайымыз жақсарар деген оймен елордаға жұмыс істеуге келген. Екі апта бұрын «Қамал-2» тұрғын үй кешенінен пәтерді жалға алған. «Өзім моторист болып та істеген адаммын. 2017-2019 жылдары Қызылордада шекара әскерінде келісімшартпен жұмыс істедім. Оған дейін вагон депосында бригадир болдым. Ал елордаға құрылысқа жұмыс іздеп келдім. Мұнда келгеніме шамамен 15 күндей болды. Бала-шағаны асырау керек. Қазір құрылыста қара жұмыс істеймін. Тұрақты жұмысым жоқ», – деген бейбіт күннің батырының әрекеті ескерусіз қалмады. Төтенше жағдай Министрінің бірінші вице-министрі генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады.Ал «G-парк» компаниясы елордадан үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Қала әкімі Алтай Көлгінов Локомотив зауытынан жұмыс ұсынса, көпбалалы отбасының банктердегі несиелерін де демеушілер өтеп беруге уәде етті. Тіпті, жоғары қабатқа көтерілгенде Сәбиттің аяғынан ұстаған досының да несиесін халық жұмыла жапты. Оған да баспана бақыты бұйырды. Бір адамның жанын сақтап қалу бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен тең. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші 36 жастағы азаматтың жасаған жақсылығы елеусіз қалмай, еселеніп қайтты.

Әрине, мұның бәрі жан жадыратады. Дегенмен осы орайда көпшіліктің назарына ілігуі тиіс бір мәселе бар. Ол – балалардың қауіпсіздігі, құқығының сақталуы, ересектердің, ата-ананың бала өмірінің алдындағы жауапкершілігі. «Барлығы бейбіт күннің батырларыжайында жарыса жазып жатыр. Тіпті көпшілік Сәбитті «супермен» атап кетті. Олар нағыз адам жасауы керек істі жасады және қоғамдық сенімді қатайтуға үлес қосты. Арамызда ондай адамдардың бар екенін білу бақыт, әрине.

«Күн өткен сайын «садақашыл қоғамға» айналып бара жатырмыз. Мұны байқап отырмыз ба? Тіпті, 4 балалы әке мемлекеттен үй алуы үшін, белгілі бір жұмыс табуы үшін өз өмірін қатерге тігуі де қоғамдық тұрғыдан, адамдық тұрғыдан үлкен қасірет емес пе?! Баланы үйде, көлікте жалғыз қалдырып, өміріне қауіп төндіретін ата-аналарға қатаң шара қолдану керек. Баланың құқы мен еркіндігін, саламаты мен сапалы білім алуын қамтамасыз етуі тиіс болған мемлекеттің міндеті осылайша қайтадан көлеңкеде қалып қояды», – дейді журналист, өнертану (PhD) докторы, С.Демирел атындағы университеттің ассистент-профессоры Молдияр Ергебеков.

Оқыс оқиғадағы басты кейіпкер – қараусыз қалған бала мен қала асып, 4 баласын асырау үшін жұмыс іздеп келген «құтқарушының» жағдайы бүтін қоғамның айнасындай. Неге біз осы деген ой келеді… Ал жанымызда жүрген жақсы адамдарды бағалай білейік, көре білейік. Мүмкін, арасында сіз де бар шығарсыз?!

Дина БӨКЕБАЙ