Бала тәрбиесіне отбасының да, балабақшаның да, мек­тептің де үле­сі зор. Әрбірі жас өркеннің да­муы­на, өзін қалыптастыруына мән береді. Осы орайда «Адамға ең бірінші тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы. Тәрбиесіз берілген бі­лім адамзатқа апат әкеледі», – деген ғұлама Әбу Насыр әл-Фара­бидің нақыл сөзі еске тү­седі. Шынында бүгінгі тәрбие­нің жайы қалай? Ба­ланы қа­лай тәр­бие­леуде­міз­? О­сы сауалға жауап іздеп көрелік.

Қазір отбасы мүшелері құлағы тыныш болу үшін баланың қолына смартфон, планшет беріп қояды. Тіпті, баланың не қарап, қандай ойын ойнағанына да мән бермейді. Мұндай бейқамдықтың сыры неде? Баланың тағдырына неліктен селсоқ қараймыз? Үлкен өмірге қадам басқан әр адамда балалықтың болмысы қылаң беретіні анық. Қараусыз қалған бала қалай өспек?

Бұлай деуіміздің сыры – бала өміріне қауіпті ойындар жетерлік. Атыс-шабыс, ұрып-соғуды дәріптейтін көптеген ойындар әр ұялы телефоннан табылады. Мән-мағынасы жоқ контент те, берер тәрбиесі аз бейнежазбалар да желіде кезіп жүр. Осының барлығы бала болмысына сақтықпен қарауға итермелеп келеді.

Жалпы тәрбие мәселесіне көңіл бөліп, оған тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану ізденімпаздықты, тапқырлықты, тіпті, шығармашылықты талап етеді. Баламен сөйлесу, мектептен келген кезде күні қалай өткенін білу назар аударудың алғышарты саналады. Яғни, ата-ана психолог болуы қажет.

Бала еліктегіш. Олар кейде жаман әрекетті қайталағысы келеді. Осы орайда бала бір дүниеге тәуелді болмауы қажет деп санаймын. Ата-ана баланы кішкентай кезінен тәрбиелеп, әрбір ұғымды жете түсіндіруі қажет. Мысалы, ақшаның қалай келетінін, қалай үнемдеу керегін, отбасы құндылығын жастайынан сіңіру пайда әкеледі. Оған қоса мұндай әрекет ата-ана мен баланы жақындастырып, өзара пікір алмасуына септесері анық. Себебі бала ата-анаға қарап үлгі,тәлім-тәрбие алады емес пе?!

Әрбір баланың елін сүйетін, Отанын құрметтейтін азамат болып өсуі – қоғам жауапкершілігі. Егемен еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына енуіне өз үлесін қосатын, болашақта мақтанарлықтай азамат болып қалыптасуы ең маңызды кезеңге тәуелді. Кішкентай кезінен ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты аңдаған бала бұл жолдан айнымасы анық. Себебі жауапкершілікті сезіну тәртіптен ерек байқалады. Мысалы, баланың  аяқ киім бауын байлап үйренуі, тамақ жеген ыдысын тазалауы, киімін жинауы тәрбиенің алғашқы сатысы саналады. Тәрбие тал бесіктен басталатынын ұмытпаған жөн.

Аружан СЕРІКБАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!