Биыл еліміз тәуелсіздіктің 30 жылдығын зор салтанатпен атап өткелі отыр. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республкиасы өз тәуелсіздігін жариялап, әлемдік қауымдастықта дербес мемлекет ретіндегі тарихын бастады.

Қоғам өзгеріп, заман жаңа жолға түсетін кезең қай елде де жеңіл болған жоқ, оған тарих куә. Ал, егемендік елімізге қазақ халқының үздіксіз жүргізген күресі арқылы келді. Тәуелсіздік деген қастерлі күнге жету үшін қазақ халқы небір зұлматты оқиғаларды бастан өткеріп, зиялы қауымынан айырылды. Ашаршылықтың тауқыметін, қуғын-сүргіннің, Ұлы Отан соғысының зардабын көрді. Тілі мен мәдениетінен қол үзуге шақ қалды. Соңғы дүмпу жастардың желтоқсан көтерілісінен соң, тәуелсіздік тарихы бастау алды.

30 жылдық тарихы бар тәуелсіз Қазақстанның осы жылдар ішінде бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері жетерлік. Ең бастысы мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, төл валютамыз айналымға енгізілді. Мемлекеттік тіл мәртебесі айқындалып, Ата заңымыз қабылданды. Қарулы Күштер құрылып, тәуелсіз мемлекетіміз халықаралық ұйымдардың мүшесі атанды. Көрші мемлекеттермен шекаралар бекітіліп, еліміз ядролық қарудан бас тартты. Әсем қала астанамыз бой көтерді. Елбасының бастамасымен «Қазақстан – 2030», «Қазақстан-2050» стратегиялары қабылданып, ұлттық бірлік, әлеуметтік әділеттілік, бүкіл жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнату, мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру мақсаттары көзделді.

Тәуелсіз мемлекетіміздің жүріп өткен жолын, кешегі жүріп өткен жолы мен бүгінгі күнін, келешегін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында талдап берді. Аталған мақалада ел президенті тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп, әрқайсысының атқарған миссиясы ғасырдың жүгін арқалап тұрғанын жеткізді. Ал, «алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет», – деді.

Осы жылдар ішінде Қазақстан Республикасы мемлекет ретінде қалыптасты, туындаған сын-қатерлер мен қиындықтарға қарамастан алға қарай сенімді түрде қадам басып келеді. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», – деді.

Біз өткенге құрметпен қарап, болашаққа сеніммен көз тіккен халықпыз. Бүгінде тәуелсіз еліміз барлық салада, экономикада, халықтың әл-ауқатын арттыруда аса зор жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің кемелденген, қуатты мемлекетке айналғанына бәріміз куәміз.

Тәуелсіздік күні қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, табысты еңбек, отбасылық амандық пен баянды бақыт тілеймін!

Байтақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы қарыштап дами берсін! Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Смағамбетова Ардақ Дүйсенғалиқызы,

Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!