Бүгінде өңірде өнім өндірудің барлық саласында даму бар. Экономиканы әртараптандыра отырып, шикізат шылауынан шығуға индустрияландырудың бесжылдықтарында жүзеге асып келе жатқан жаңа жобалар леп беруде. Соның арқасында экономика саласында жетістік артып келеді.

Өткенге көз жүгіртсек, тәуелсіздік жылдарында облыста 400-ден астам шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорын құрылған. 1991 жылдан бастап бүгінге дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 млрд теңгеден 648,8 млрд теңгеге дейін өскен. Өндіріс үлесі 11 проценттен 38 процентке дейін өсті деген дерек те азаттық алған тұста қай салада болмасын жаңашылдық орын алғанын байқатады. Тарқатып айтсақ, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын жаңғыртуды көздейтін индустрияландыру бағдарламасы бойынша өңірде құны 82 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асып, 12 өнім түрі шығарылған. Оның ішінде сүт, балық, ас және техникалық тұз өнімдері, мия сығындысы, электр энергиясы, өңделген газ, химиялық реагенттер, күкірт қышқылы, асфальтбетон, кірпіш бар.

Бұған қоса 2010 жылы «Казгермұнай» біріккен кәсіпорны қуаттылығы жылына 300 млн текше метр газ өңдеу зауытын іске қосты, бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға, қала кәсіпорындарын арзан бағадағы көгілдір отынмен қамтамасыз етуге және шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етті.

«Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқанына маңыз берер кез жетті. Адамзат тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуірге қадам басады» деген болатын Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария еткен Жолдауында. Облыста осыған негізделген және үлес салмағы басым кәсіпорындардың қатарында «Гежуба Шиелі цемент» тампонажды цемент зауытының орны ерекше. Сондай-ақ, тақырыпқа тұздық ретінде айта кетсек, облыста биыл 48,5 млрд теңгеге тағы төрт жоба іске қосылмақ. Жалпы саны 500-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін бұл жобалардың үшеуі азық-түлік өнімдерін өндіруге бағытталып отыр.

 «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында  әрбір өңір үшін инвестиция тарту, өңірдің салалық мамандануы мен олардың өнеркәсіптік әлеуетін барынша іске асыруды ескере отырып, жобаларды іске асыру индикаторлары белгіленуі қажет делінген. Жоғарыда келтірілген деректер біздің өңірде ілкімді істің барын айғақтайды.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты,

 «Nur Otan» партиясының мүшесі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!