Судья қызметі – заң саласындағы ең жоғары лауазым. Кез келген заңгер мамандығын қалаған адам судья болуға талпынады. Алайда, судьяға қойылар талап та қатаң. Заман талабына сәйкес, сот кор­пусына қойылатын талап та тұрақты түрде артуда.

Мемлекет мүддесі үшін қызмет атқаратын судьялар Судьялық әдеп кодексінде көзделген міндеттерді және күнделікті өмірде, қызметтен тыс кезінде моральдық, этикалық әдеп нормаларын сақтауы тиіс.      

Судьялардың Әдеп кодексі әрбір судьяның жұмыс үстелінде тұратын ерекше маңызға ие құжат. Қазылар аталмыш заңның талаптарын мүлтіксіз сақтауға міндетті. Бір жағынан бұл судьяның мәртебесін көрсетеді.

Бекітілген қағидалары мен қағидаттары алдымен еліміздің Ата Заңына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңға негізделген Судьялық әдеп кодексі 15 бапты қамтиды. Кодекс тек судьялар корпусы үшін ғана емес, тұтастай қоғам үшін де маңызды.

Судьялық әдеп кодексінде судьяның мінез-құлық принциптеріне басты назар аударылып, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданды басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі көрсетілген.

Аудандық соттың судьясы болып отыз жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері және заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар, біліктілік емтиханын тапсырған, негізгі жұмыс орнынан қол үзіп, сотта ақы төленетін тағылымдамадан ойдағыдай өткен және тағылымдама қорытындысы бойынша соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған  және тағы да басқа сынақтардан мүдірмей өткен таңдаулы маман судьялар корпусына қабылданады. Оның кәсіби дағдысы мен іскерлігін анықтау мақсатында тестілеуден өткізу, бір жылдық тағылымдамадан өту, сынақ мерзімінен өтуі үміткердің сот саласында жүріп жинаған тәжірибесінің тиімділігін, оның білімінің ұшталғанын анықтауға арналған тиімді шара.

Сынақ мерзімі аяқталған соң, оның нәтижелері облыстық соттың жалпы отырысында талқыланады. Оң қорытынды алған жағдайда, кәсіби деңгейіне қарай Сот жюриінің біліктілік комиссиясы баға береді.

Сапалы сот төрелігін жүзеге асыру – осынау ауыр еңбекті таңдаған адамның кәсіби деңгейіне мен адами қасиеттеріне тікелей байланысты болып отыр.

Әділ сот биілігін атқаруға құзыреттілік берілген кешегі өткен билер де, қазіргі судьялар да халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегі мен шағым-өтініштерін тыңдап, шындықты жақтап, өзі өмір сүрген қоғамның әділдік ұстанымдарына қызмет етіп келеді. Олардан кәсіби ерекшеліктеріне қарай заңдарды, елдің салт-дәстүрі, жөн-жоралғыларын жақсы ғана біліп қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, қабілетімен, қадір-қасиетімен де үлгі-өнеге көрсете білуі талап етіледі.    

Жұлдыз Жакеева,

Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы