Туған жердің топырағына табаны тиген, жусан иісі арқылы балалықты еске алатын, мөлдір бұлағынан қанып ішкен әрбір жанның көкірегінде аяулы сағыныш болады. Ол сағыныш – алыста қалған балалық шақ, ата-әженің аялы алақаны және қазақы ауылдың қасиетті қалпы. Міне, осы бір мөлдір сезім мен көзге түсе бермейтін, бірақ көңілмен ғана сезілетін асыл құндылықтар «Ауыл дәмі» атты жаңа кітаптың арқауына айналды.

Жақында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада Сыр елінің перзенті, қаламы жүйрік журналист Бекжан Сүлейменовтің «Ауылдың дәмі» атты жинағының тұсаукесері өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алмас Алматов, қоғам қайраткерлері Рзақұл Нұртаев, Мейрамбек Исаев секілді зиялы қауым бас қосқан алқалы жиынды мәдениет саласының үздігі, жырау Серік Жақсығұлов тізгіндеді.

Автордың балалық шағы өткен, көңіл түкпіріндегі аяулы мекені – Кекірелі ауылы кітаптағы оқиғалардың алтын ордасы. Кітапқа енген әңгімелер оқырманды алыста қалған ауыл өмірін еске алып, көз алдына ыстық естеліктерді әкеледі. Кітап автордың өмірінде өсуге арқау болған оқиғаларды баяндайды.

Бекжан Сүлейменов «Жүректегі жазбалар» атты алғысөзінде «Маған әсер еткен, мені шыңдаған өмір баспалдақтары өзіндік қиындығымен, өзіндік ерекшелігімен жадымда жаңғырып жатыр. Жақсысын ұлғайтуға, сәтсізін сәл де болса кішірейтуге талпынып келемін. Көлеңкеден гөрі күнгейді көбірек іздейтінім бар. Жаны жылы жандардан жиған «қазынам» осы бір шағын кітаптың өн-бойында өріліп жатыр» деп жазған еді. Бұл пікірге оның досы, «Құрмет» орденінің иегері Рзақұл Нұртаев «Бекжанның туған жерге деген махаббаты оның әрбір жолынан сезіледі» деп жауап берді.

Таңдайдан кетпес "Ауыл дәмі"

− Осыған дейін Т.Көмекбаев пен Қуаңдария ауылында Сүлейменовтің кітабының тұсаукесері өтті. Бекжанның әр туындысы туған жеріне деген ерекше махаббатын білдіреді. Ерекше ұнайтыны – автордың кейіпкердің бойындағы тәлім-тәрбиені, өнегесін көрсете білуі.

№185 мектепте Рахман Нұрғалиев деген ағай талай жыл мектеп директоры болды. Бекжан сол кісілерден ерекше әсер алатын. Ұстаздары туралы жазатын. Міне, бала Бекжан осындай болатын. Оның кітаптары нағыз оқылатын кітап. Оны алып оқыған адам ерекше лебізін білдіретін. «Жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат» мұның бәрі Бекжанның бойынан табылады, – деді ол.

Кездесуде Бекжан Сүлейменов бұл дүниенің басым бөлігі алғашында әлеуметтік желіде жарияланғанын, бірақ уақыт өте келе олардың үлкен жинаққа айналғанын айтты.

− Бұл естеліктер менің азамат болып қалыптасуыма септігін тигізген өмір мектебінің оқу-әдістемелік құралы болды, – деді автор.

Уақыт өтеді, адамның түрі де, бейнесі де естен кетеді. Бірақ дәл осындай еңбектің арқасында ауылдың асқақ мәртебесі мен үлкендердің өнегесі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Ауылдың дәмі таңдайыңыздан, ал кітаптың нұры көңіліңізден кетпесін, оқырман!

М.МАЙБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!