Тараз әкімдігі алдағы Жаңа жыл мерекесіне орай қаланы безендіруге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл облыс орталығында екі мерекелік шырша орнатылады.

«Шыршалардың бірі ҚР Тұңғыш Президенті саябағының аумағына, екіншісі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығына қойылады. Қазіргі уақытта бұл аумақтарда жаңа жылдық безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсаттарға қала бюджетінен 19 млн 150 мың теңге қарастырылған», – деді қала әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Дәулет Төленді.

Дәстүр бойынша Жамбыл облысының бас шыршасы қаланың орталық алаңында орнатылса, 2019 жылдан бері «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталық алаңына да жаңа жылдық шырша қойылып келеді.

«2021 жыл қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығының алаңындағы бас шырш өртенгеннен кейін, биыл облыс орталығын мерекелік безендіру кезінде өткен жылдан қалған декор элементтерін және жиналмалы шырша құрылымын пайдалану туралы шешім қабылданды. Бұл өте тиімді шешім», – деді спикер.

Ведомство демеушілік қаражат есебінен ерекше қажеттілігі бар тараздық 2 225 балаға арнайы мерекелік сыйлық берілетінін, қаржыландыру көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрайтынын атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!