Алкогольді сусынның мереке мен демалыстың бір бөлігіне айналғаны қашан?! Көпшілік оны күйзелісті азайтудың немесе аздап серігіп алудың тәсілі ретінде қабылдайды. Бірақ спирттік ішімдіктерді аз мөлшерде болса да тұрақты тұтыну − ағзаға кері әсер етеді.
Ол ең алдымен жүйке жүйесіне зиян келтіреді. Бірнеше жұтымнан кейін-ақ адамның зейіні төмендеп, реакция жылдамдығы баяулайды және шешім қабылдау қабілеті нашарлайды. Тұрақты түрде ішімдік ішу есте сақтау қабілетіне, эмоционалдық жағдайға және ұйқы сапасына кері әсер етеді. Сонымен қатар көңіл күй мен мотивацияға жауап беретін нейромедиаторлардың түзілуін бұзады. Сондықтан уақытша босаңсудан кейін жиі мазасыздық, ашушаңдық және эмоционалдық шаршау пайда болады.
Бауыр − алкогольді өңдейтін негізгі мүше. Ішімдікті жиі тұтынғанда бауыр жасушалары ақырындап бұзыла бастайды. Бұл бауырдың майлануы, алкогольдік гепатит, бауыр циррозы секілді ауруларға алып келеді.
Өкінішке қарай, кей адам алкогольді аз мөлшерде тұтынуды жүрекке пайдалы деп ойлайды. Алайда қазіргі зерттеулер алкогольдің қауіпсіз мөлшері жоқ екенін көрсетеді. Керісінше гипертония, аритмия, инсульт, инфаркт секілді ауруға ұшыраудың қауіпін арттырады. Сонымен қатар қан тамырларының жағдайын нашарлатып, ағзадағы созылмалы қабыну процестерін күшейтеді.
Назар аударатын маңызды дерек − алкоголь өте калориялы өнім. Мысалы бір грамм спирттің калориясы майдың калориясына жақын. Тіптісыртқы келбетке әсер етеді: тері құрғайды, ісінулер пайда болады, бет түсі нашарлайды, қартаю процесі жылдамдайды. Сонымен қатар ұйқы сапасын төмендетеді, ал бұл ағзаның қалпына келуіне және энергия деңгейіне тікелей әсер етеді.
Алкогольдің басты мәселесі − оның қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдануы. Көпшілік мерекеде немесе демалыс күндері тұтынудың зияны жоқ деп есептейді. Бірақ ағза алкогольді қандай жағдайда да улы зат ретінде қабылдайды. Алкоголь − ағзаға түсетін қосымша жүктеме. Одан бас тарту немесе тұтынуды азайту ұйқыны жақсартады, энергия деңгейін арттырады, қабынуды азайтады, жүрек пен бауыр денсаулығын сақтайды, жалпы өмір сапасын жақсартады.
Денсаулық − бұл күнделікті таңдау. Кейде ең пайдалы таңдау − алкогольге «жоқ» деу.
Жанар КАЛМАКОВА,
Қызылорда жоғары медициналық колледжінің директоры,
дәрігер-гигиенист, нутрициолог,
Жанна НҰРБЕРГЕН,
Астана медицина университеті академик Е.Д.Дәленов атындағы
Профилактикалық медицина ҒЗИ салауатты өмір салты орталығының
жетекші ғылыми қызметкері, дәрігер-диетолог
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!