Фото: ашық дереккөзден

Қазір тіл сапасы, түйіні мен мән мағынасы жоғалған кезең. Жастар арасындағы әдеби сөйлеу былай тұрсын, ауызекі сөйлеу стилінің бұзылуы, қате аударма, мессенджердегі қателік, орыс тілі мен қазақ тілінің араласуы тіл тазалығы мен сапасын төмендетуде. Ал қате аудармалар тіл тазалығына нұқсан келтіруде. Өзге тілдененген немесе өз тіліміздегі аударманы тікелей аудару арқылы біз сөздің мән- мағынасын жоғалтқанымызды білмей қаламыз. Мағынасын дәл табамыз деп, туралығын айқындай алмай қалатын жайт та көп кездеседі. Аз десеңіз мессенджердегі қателік бар. Сөз графикасының құрдымға ұшырауы, графикалық түрде сөз сапасын жоғалтуымыз кері әсерін тигізіп жатыр. Яғни сөз буынын қысқартып айтуымыз бір мысал. Қарапайым тұрғыдан алғанда «отырмын» деген сөз тіркесін «отырм» деп қысқа-нұсқа қайыра салу тіл тазалығын сақтамаудың бір көрінісі.

Қаншама сөз өз ерекшелігінен айырылып, толыққанды біртұтас тілдің мәні өз деңгейінен біршама алыстап бара жатыр. Орыс тілі мен қазақ тілінің аралас тіл болып бара жатқаны да алаңдатпай қоймас. Өзімізді толыққанды қазақша сөйлейміз деп айта аламыз ба? Жоқ, әрине, сөйлеген сөзіміздің бір бөлігі болып орыс тілінің қосымшасы қалай жалғанғанын байқамай қаламыз. Оған дәлел сіз бір күн бойы орыс тілін қоспай, үйдегі затқа дейін, әрбір қадамыңызға дейін сөйлеп көруге ұмтылыңызшы. Қалай қиналғанынызды айтып жеткізу мүмкін болмас. Көрдіңіз бе? Тілді толыққанды, анық, таза сөйлеу, жазу бөлек әңгіме. Ал сөйлей білу бір ғажап. Ал сөйлеу мәнерімізге назар аударып көрейік. Қазақ тілі ұсақталып бара жатыр деп ойламайсыздар ма? Тілімізде өзге тілге еліктеу сөздер, көше стилінің араласуы барлығы қосылып бір «шатқал» болып жатыр. Атадан келе жатқан көне сөздеріміз қазір қайда? Тек кітапта ма?

Тіпті рухани, сауатты, байырғы сөзді айтуға жастарымыздың тілі келмес. Айтқым келетін ойымның түйіні – біз, жастар тілімізді құрметтейік, дәріптейік. Сөйлегенімізге риза болмай, қалай сөйлеп жатқанымызға мән берейік. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Өз тілінің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай». Расында, өзге тілге бет бұрмас бұрын өз тілінің тазалығына мән беріп, қазақ тілінің қадір-қасиетіне толық көңіл бөлген жөн. Болашақ біздің қолымызда!

Ақмаржан АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ,
125 High school оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!