Ақорда мемлекет басшысының Қарағанды облысындағы апатқа қатысты жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақорда мәліметінше Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» шахтасында болған өртке  байланысты Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізіп, зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берген. 

“Үкіметке осы кәсіпорынға иелік ететін шетелдік компаниямен жұмысшылардың қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ету жөнінде  келіссөздер жүргізу тапсырылды”, – делінген бейсенбі күнгі хабарламада.    

Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді.

Еске салайық, 17 тамызда “АрселорМиттал Теміртау” компаниясына тиесілі “Қазақстан” шахтасында өрт шыққан еді. Бұл кезде шахтада 227 адам болған. Құтқару жұмыстары кезінде 222 адам шығарылды. Көп ұзамай 2 кеншінің мәйіті табылғаны мәлім болған, алайда көп ұзамай Қарағанды облысының әкімдігі тек 1 адамның көз жұмғанын хабарлады. Қалған 4 кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!