Түркістан облысының Сауран ауданында су тасқыны салдарынан 7 балабақша жұмысын тоқтатып, 11 мектеп онлайн оқуға көшті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. 

Сауран ауданында су басқан үйлердің саны 100-ден асты. Абай елді мекенінде 65, Үлгілі елді мекенінде 14, Бабайқорғанда 42 үйді су басқан. 100-ден астам адам эвакуацияланды. Оның ішінде 57 кәмелет жасқа толмаған бала бар.

Тұрғын үйін тасқын суы басқан тұрғындарды жайғастыру үшін Бабайқорған, Абай, Үлгілі ауылындағы мектептерде орын дайындалды. Дегенмен, көпшілігі туыстарының үйін паналауда. Қазір аудан аумағында тасқын зардаптарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Құрамына төтенше жағдайлар қызметі мен өзге де сала мамандары енген жедел штаб құрылды.

Төтенше жағдайға байланысты Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 11 мектеп онлайн білім беру жүйесіне көшті. Жалпы 4 мыңға жуық оқушы қашықтан оқиды. Сондай-ақ, 7 балабақша төтенше жағдайға байланысты жұмысын уақытша тоқтатты.

Айта кетейік, Түркістан облысында жауға нөсер мен қардың еруі салдарынан бүгін таңертең бірнеше елді мекенді су басып қалды. Өңірде жедел желі іске қосылды. Сауран ауданында мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!