Бірлік – елдегі тұрақтылықтың бастауы. Бірліксіз ұлт, ұлтсыз мемлекет болмайды. Бүгінде көп ұлтты Қазақстанды әлем тәуелсіз мемлекет деп қана емес, ұлтаралық татулықтың мекені ретінде де таниды.
Тағдырдың жазуымен Қазақстанға қоныс аударған өзге ұлт өкілдері қазақ халқының дарқандығын, жылы құшағы мен қонақжайлылығын әсте ұмытпайды. Бұл шарапат ел егемендігін алған алғашқы күннен бастап уақыт талабына сай бірігіп, асқар асуларды бағындыруға негіз болды. Тілі басқа болса да, тілегі бір, түрі басқа болса да, жүрегі бір отандастарымыз жұдырықтай жұмылып, Қазақстанның өркендеуіне зор үлес қосты. Олар қоғамның барлық саласында еңбек етіп, игі бастамалардың жаршысы болды. Әлемдік додаларда көк байрақты желбіреткен М.Шайдоров, Д.Тен, О.Шишигина, А.Винокуров секілді спортшылардың жеңістері, Қазақстанның халық жазушысы Герольд Бельгердің бейбітшілік пен рухани келісімді дәріптеудегі еңбегі, сондай-ақ әртүрлі мамандық иелерінің өз саласын дамытуы дәлел бола алады.
Осындай көркем көріністің сыры неде? Ол – Ұлы Даламыздағы ұлттардың бірлігі, сыйластығы мен Отанға деген сүйіспеншілігі! Біздің елімізде жүз отыздай ұлт пен ұлыстың мәдениетіне, дәстүріне, қадір-қасиетіне құрметпен қарап, қолдау көрсетудің арқасында қоғамда тұрақтылық, тыныштық, ынтымағы жарасқан берекелі тірлік орнады. Қазақстан әлемге ұлттар достығының озық үлгісін паш етті!
Жылдам өзгермелі қоғамда ұлт бірлігін берік ұстау маңызды десек, қауіпқатерлерге төтеп беруде, тыныштықты сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі ерекше. Ассамблеяның кезекті жиынында қабылданған «Ұлт Бірлігі Доктринасы» – соның айғағы. Татулықтың тұғырнамасы іспетті осы құжатта: «Біздің ұлы мақсатымыз – этникалық шығу тегімізге қарамай бірігіп, Даңқты Ұлтқа айналу және қолымызда тұрған ең бағалы құндылық – егемен, тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету» деген жолдар уақыт талабына сай бірігудің, біртұтас ел болудың қажеттілігін айқындайды. Бізді жыл сайынғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі, басқа да атап өтетін дәстүрлері жақындастырып, керемет сезім сыйлайды. Сан ұлттың мәдени, рухани құндылықтарымен танысуға жол ашып, танымымызды тереңдетеді. Бірлік күні мерекесі бірлігімізді нығайтып, ел бүтіндігін сақтайды, болашаққа нық қадам басуға жетелейді.
Жанеля СЕЙЛХАН,
Абай атындағы №138 орта мектебінің
11-сынып оқушысы
Қызылорда қаласы,
Абай ауылы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!