Өмірде біреу бақытты байлықтан таппақ болса, екіншісі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздейді. Алайда адамға өмірдегі шынайы бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйламақ. Бала тәрбиесі жөнінде Абай бабамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан»,- деп осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен.

Қарап отырсақ, бала бойынан жақсылы-жаманды қасиет байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесімен байланыстырады. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деуі ер адамның рөлінің қандай биікте екенін көрсетеді.

Ал қазір кей жастардың әкеге қарап дауыс көтеруі, жұдырықтасуға дейін баруы көңіл құлазытады. Тіпті еліміздегі соңғы жайттар мен статистика, жастардың үйінен кетіп қалуы, кейде басқа қалалардан табылуы «неден қателестік?» деген сауалға әкеп тірейді. Мұның барлығы отбасындағы гармонияның болмауынан, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әлсіреуінен деп ойлаймын. Әке ұлымен, ана қызымен сырласып, ашық әңгімелессе барлық нәрсеге нүкте қойылар ма еді?! Қалай десек те, отбасында әкенің сөзі заң болу керек. Өйткені бір ғана әке сөзі тәртіппен үндес.

Ғабиден Мұстафин «Балаға сіңірген ата-ана еңбегін бала өмір бойы ақтай алмайды, ол өле-өлгенше суынбайтын махаббат» деген екен. Бала болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса ғана, елдің болашағы зор болады деген тоқтам дұрысырақ. Бүгінгі күн көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Өзімізден кейінгі ұрпақты жаман әдет-қылықтан аулақ қылып, адамгершілік қасиеті жоғары, білімді азамат қылып шығаруға қоғам болып атсалысуымыз қажет.

«Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын!». Әрбір адамды жастардың ой-талғамы, өрескел әдет-қылығы бейжай қалдырмаса игі. Көршінің баласына да өзіңдікіндей қарап, жанашырлықпен жөн сілтеп отырғанда ғана ол нәтижесін берері анық. Ал негізгі тәрбие отбасынан басталатынын, соның ішінде әке тәрбиесін әсте естен шығаруға болмайды.

Бағлан ҚАЛИЕВ,

Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің әдіскері