Заң – мемлекеттің қаңқасы. Ал құқықтық сауат – сол қаңқаны тік ұстап тұратын маңызды бөлік.Бүгінгі қоғамда бұл салада құлдырау көп. Тәуелсіз елміз деп мақтанамыз, Ата заңымыз бар деп айтамыз, құқықтық мемлекет құрып жатырмыз деп есеп береміз.

Бірақ күнделікті өмірге үңілсек, заңды білмейтін, білсе де қолдана алмайтын, өз құқығын қорғай алмайтын халықтың қарасы қалың. Соның кесірінен сан соғып жүргендер көп. Бірі интернет алаяқтарына алданып, бар жиған-тергенінен айырылады. Бірі жол ережесін білмей, жүргізуші куәлігінен қағылады. Бірі еңбек құқығын білмегендіктен үнсіз қанауға көнеді. Енді бірі әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік көмектерге қол жеткізе алмай, өзіне тиесілі дүниеден құр қалады. Ең сорақысы – құқықтық сауатсыздық қоғамда қалыпты құбылысқа айналған.

Қазір алаяқтардың дәурені жүріп тұр. Бұрын қалта ұрылары базар жағалап жүрсе, бүгінгі ұрылар смартфонның ар жағында отырып-ақ қалтаңды қағып түсіреді. Олар адамның сенгіштігін, заңды білмейтінін, қауіпсіздік ережелерінен бейхабар екенін пайдаланады. «Банк қызметкерімін», «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «картаңыз бұғатталды» деген бір ауыз сөзбен- ақ талай адамның шотын босатып кеткен жағдай аз емес. Қарапайым халықтың көбі «банк өзі хабарласып тұр» деп сенеді. Өйткені заң бойынша банк қызметкері ешқашан SMS код сұрамайтынын, жеке деректі талап етуге құқығы жоқ екенін жұрттың бәрі біле бермейді. Алаяқтарға алданғандардың арасында мұғалім де, дәрігер де, зейнеткер де, тіпті мемлекеттік қызметкерлер де бар.

Кейінгі уақытта «дроппер» деген ұғым шықты. Көп жас оңай ақша табамын деп өз банк карталарын бөтен адамдарға жалға береді. Бір қарағанда «карта бере салдым, одан не болады?» деп ойлайды. Бірақ сол карта арқылы алаяқтық ақша айналымы жүрген жағдайда, заң алдында жауапкершілік карта егесінде болады. Көптеген жас осыны білмейді. Интернеттегі бір хабарлама үшін болашағына қара дақ түсіріп алып жатыр. Құқықтық сауатсыздықтың қауіпті тұсы да осында емес пе? Адам заңды білмегендіктен қылмысқа өзі байқамай араласады. Мұны пиғылы арам адамдар өз пайдасына асырады.

Жастар арасындағы құқықбұзушылық мәселесі де тереңдеп барады. Бір қарағанда қазіргі буын ақпаратқа жақын, технологияны меңгерген, көзі ашық дерсің. Бірақ құқықтық мәдениет жағынан ақсап тұрған тұстары жеткілікті. Әлеуметтік желідегі әдепсіз тікелей эфирлер, бопсалау, кибербуллинг, жалған ақпарат тарату, төбелесті видеоға түсіріп жариялау – мұның бәрі заң алдында жауапкершілік жүктейтін әрекеттер. Өкінішке қарай, көп жас мұны «әзіл», «хайп», «контент» деп қабылдайды. Ал заң үшін оның бәрі нақты құқықбұзушылық болуы мүмкін.

Мәселен, біреудің суретін рұқсатсыз тарату, жеке хаттарын жариялау немесе ар-намысына тиетін ақпарат жазу азаматтық жауапкершілікке де, кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін. Тіпті енді біреудің бет-жүзімен стикер жасасаң да жаза арқалап кетуің ғажап емес. Бірақ мұны жастардың басым бөлігі білмейді немесе немқұрайлылық танытады. Себебі мектепте құқық сабағы формалды түрде өтеді. Оқушылар өз қалауымен Конституцияның баптарын жаттауы мүмкін, бірақ өмірде қалай қолдану керегін түсінбейді. Тіпті заңды қате түсініп алатындар да жеткілікті. Ол үшін баланы емес, жүйені кінәлау керек шығар.

Тағы бір өзекті мәселе – жүргізушілердің заңды үстірт білуі. Қазақстанда көлік апатының азаймай отырғанының бір себебі де осы. Жүргізушілердің көбі жол ережесін емтихан тапсыру үшін ғана оқиды. Ал кейін ұмытады. Кейбірі өз құқығын да, міндетін де толық білмейді. Мәселен, полиция қызметкері көлікті қандай жағдайда тоқтата алады, жүргізуші видео түсіруге құқылы ма, хаттамамен келіспесе не істеу керек, медициналық куәландырудан бас тартудың салдары қандай – мұның бәрін екінің бірі біле бермейді. Бірақ әлеуметтік желіге құқық қорғау органдарының негативті видеоларын жариялауға келгенде бірінші болып өзіміз шығамыз. Неге олай?

Көп адам «ішпесем болды» деп ойлайды. Бірақ Қазақстан заңнамасында медициналық куәландырудан бас тартудың өзі мас күйінде көлік жүргізумен тең жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Кей жүргізушілер осыны білмегендіктен өз қолымен өзін кінәлі етіп жатады. Сондай-ақ көлікті сенімхатсыз беру, сақтандыру мерзімін өткізіп алу, жалған нөмір тағу, жаяу жүргіншіге жол бермеу секілді «ұсақ» көрінетін әрекеттердің арты, есіңізде болсын, ауыр айыппұлға немесе жүргізуші куәлігінен айырылуға соқтырады.

Қоғамда кең таралған келесі мәселе – еңбек құқығын білмеу. Көптеген адам еңбек шартын оқымай қол қоя салады. Кей мекемелер қызметкерлерді ресми тіркемей жұмыс істетеді. Жалақы кешіксе де үндемейді. Артық жұмыс уақыты үшін ақы талап етпейді. Өйткені заңды білмейді немесе қорқады. Кей жұмыс берушілер де осыны пайдаланады. Әсіресе жастар арасында «тәжірибе жина» деген сылтаумен тегін жұмыс істету белең алған. Бұл қаншалықты заңды? Мәселен, сіз даяшы болып жұмысқа тұрдыңыз делік. Сізге 2-3 күн тәжірибеден өт деп тапсырма береді. Алайда сіз сол тәжірибеден өткен күндеріңіз үшін ақы алуға құқылы екеніңізді білесіз бе? Көбі білмейді, солайша ақысыз еңбек етеді. Ал бұл – өрескел құқықбұзушылық.

Әлеуметтік салада да құқықтық сауаттың төмендігі қатты сезіледі. Көп отбасы қандай жәрдемақы алуға құқылы екенін білмейді. Кей аналар декреттік төлемдерді дұрыс рәсімдей алмай жүреді. Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары толық түсіндірілмейді. Тіпті кей адамдар медициналық қызмет сапасына шағымдануға болатынын да білмейді. Ақылы қызметті тегін көрсетуге міндетті жағдайлар барын естімегендер қаншама.

Тұтынушылар құқығы мәселесі де өзекті. Біз сапасыз тауар алсақ та үндемейміз. Мейрамханада улансақ та кешіріммен шектелеміз. Дүкенде баға мен кассадағы сома сәйкес келмесе де дауласпаймыз. Неге? Өйткені «бәрібір ештеңе өзгермейді», «ол үшін уақыт құртқым келмейді» немесе «одан да көп шығынға батамын » деген немқұрайлы түсінік қалыптасқан. Бұл – қауіпті психология. Құқығын қорғамаған қоғамдыкез келген жүйе басынады.

Кейде біз құқығымыздың тапталып жатқанын мүлде аңғармаймыз. Мәселен, жеке дерек мәселесі. Қазір кез келген жерде ЖСН, телефон нөмірі, банк дерегі сұралады. Бірақ ол мәліметтің қалай сақталатынын, кімнің қолына түсетінін ешкім тексермейді. Кей ұйымдар азаматтардың дерегін рұқсатсыз үшінші тарапқа беріп жатады. Бұл – заң бұзушылық. Алайда халықтың көбі жеке деректі қорғау құқығы бар екенін білмейді.

Тағы бір назар аударатын мәселе – несие шарттары. Мойындаңызшы, банк құжаттарын оқуға көп жағдайда ерінеміз ғой, иә? Салдарынан пайыздық үстеме, айыппұл, сақтандыру шарттары туралы кейін біліп жатамыз. Кейбір микроқаржы ұйымдары халықтың қаржылық әрі құқықтық сауатсыздығын пайдаланып отыр. «Он минутта ақша» деген жарнаманың ар жағында үлкен қарыз бен сот мәселесі тұрғанын әу бастан білгендер қатары көп болғанда, бүгінде борышкердің де саны аз болар ма еді?

Қазақстанда кейінгі жылдары заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Конституцияға түзетулер қабылданып, адам құқықтарын қорғауға қатысты жаңа қадамдар жасалды. Конституциялық сот қайта құрылды. Бұрын азаматтар Конституциялық кеңеске тікелей жүгіне алмайтын. Қазір қарапайым адам өз құқығы бұзылды деп есептесе, Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігіне ие болды. Бұл – үлкен өзгеріс. Бірақ соны халықтың қаншасы біледі?

Сондай-ақ өлім жазасы толық жойылды. Адам құқықтарына қатысты халықаралық талаптарға сәйкестік күшейтілді. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесі де күн тәртібінің алдыңғы шебіне шықты. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңдар қатаңдатылып жатыр. Алайда заң қабылданғанымен, оны халыққа түсіндіру жағы әлсіз. Көп әйел өзіне психологиялық қысым көрсету де зорлық екенін білмейді. Көп ата-ана бала құқығын шектейтін әрекеттер үшін жауапкершілік барын ескере бермейді.

Бізде заң көп, бірақ түсіндіру аз. Құқықтық реформалар жасалады, алайда қарапайым халық оның мәнін ұқпай қалады. Мемлекет құқықтық мәдениетті тек айыппұлмен қалыптастыра алмайды. Заңды қорқыныш емес, сана құрметтеуі керек.

Өкінішке қарай, қоғамда «заңды таныс арқылы айналып өтуге болады» деген түсінік әлі де бар және расымен солай жұмыс істеп келеді. Бұл құқықтық нигилизмді күшейтеді. Егер халық заңның бәріне бірдей жұмыс істейтініне сенбесе, құқықтық сауат та дамымайды. Адамдар әділдікке емес, айлаға сүйеніп кетеді.

Құқықтық сауат отбасынан басталуы керек. Балаға кішкентайынан өз құқығын да, өзгенің құқығын да сыйлауды үйрету маңызды. Мектептерде құқық сабағын өмірмен байланыстырып оқыту қажет. Жастарға «қандай бап бар?» дегеннен бұрын, «өмірде құқығың бұзылса не істейсің?» дегенді түсіндіру керек. Университетте де, жұмыс орнында да құқықтық ағарту жұмыстары күшеюі тиіс. Заңды білу тек заңгерлерге керек дүние емес. Бұл – күнделікті өмірдің қауіпсіздік жастығы. Құқығын білмеген адам оңай алданады, оңай қорқады, оңай бас иеді. Ал сауатты қоғам мықты қоғамды құрады. Себебі заңды білетін халықты алдау қиын.

Бүгінгі мәселе – құқықтың жоқтығында емес, құқықтық сананың әлсіздігінде. Біз әлі күнге дейін «маған тимесе болды» деген түсініктен арыла алмай келеміз. Бірақ үнсіздік әділетсіздікті күшейтеді. Егер қоғам өз құқығын талап етуді үйренбесе, заң кітап бетінде ғана қалады.

Құқықтық сауат – диплом емес, өмір сүру дағдысы. Ол адамды тек соттан емес, қателіктен, қорлықтан, алаяқтан, әділетсіздіктен қорғайды. Сондықтан құқықтық мәдениет қалыптастыруды кейінге ысыра беруге болмайды. Әйтпесе заңды білмейтін қоғамның тағдырын заңды жақсы білетіндер шешіп кете береді.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!