18 мамыр – халықаралық музей күні. Газетіміздің өткен сандарында жергілікті музейлер мен ондағы қызметкерлердің еңбек жолы хақында жиі қалам тербеп жүргенімізге көзі қарақты оқырман куә. Атаулы күнге орай бүгінгі санымызда әлем елдеріндегі ерекше музейлер жайлы жазуды жөн санадық. Ендеше ерекше мұражайларға бірге сапарлайық!

Канкундағы суасты музейі

Канкун қаласындағы суасты мүсіндер музейі бүгінде Мексика елінің ең ерекше туристік орындарының біріне айналған. Кариб теңізі мен Мексика шығанағы түйіскен аймақта орналасқан бұл музей келушілерге өзгеше әсер сыйлайды. Теңіз астындағы тылсым әлемде түрлі-түсті балықтармен қатар адам бейнесіндегі мүсіндер, көліктер және сан алуан арт-нысандарды көруге болады. Мұндай көріністер ашық мұхитта кездеспейді, сондықтан бұл орын суға сүңгуді ұнататын туристер үшін нағыз ғажайып мекен саналады.

Әлемде талай қызық бар: таңғажайып музейлер топтамасы

Мұражайдың ресми атауы – «MUSA Underwater Museum» немесе «Underwater Museum of Art». Бұл орталық Исла-Мухерес аралының маңында 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Арал мен музейдің арасы бір шақырымнан сәл ғана асады. Суасты кешені шамамен 420 шаршы метр аумақты қамтып, Пунта Низус, Пунта Канкун және Исла- Мухерес аралына жақын аймақ болып үш бөлікке бөлінген.

Бұл ерекше жобаның дүниеге келуіне табиғат пен өнерді қатар бағалайтын бірнеше азамат мұрындық болған. Олардың қатарында доктор Джейми Гонсалес Кано, Роберто Диас Эбрахам және британдық мүсінші Джейсон Тейлор бар. Музейдің негізгі экспонаттарын жасаумен дәл осы Джейсон Тейлор айналысқан. Оның қолынан шыққан туындылар келушілерді бірден өзіне баурап алады.

Теңіз суы кәдімгі бетонға зиян болған соң, мүсіндер арнайы материалдан жасалған. Оның құрамына силикон, цемент және шыныталшық кіреді. Мұндай қоспа «теңіз бетоны» деп аталады. Бастапқыда музейге 100 ғана экспонат қою жоспарланғанымен, кейін олардың саны 500-ден асып кеткен. Ал теңіз ағыстары мүсіндерді орнынан қозғалтпау үшін әр туынды салмағы екі тоннаға дейін жететін ауыр тұғырларға орнатылған.

Әлемде талай қызық бар: таңғажайып музейлер топтамасы

Бүгінде бұл музей әлемдегі ең ерекше мәдени нысандардың бірі ретінде танымал. Жыл сайын мұнда шамамен 750 мыңға жуық турист келеді. Мүсіндер бірнеше тақырыптық композицияларға топтастырылған. Олардың арасында «Жаулап алу», «Революция», «Тәуелсіздік» секілді адамзат тарихына қатысты туындылар бар.

Экспонаттардың басым бөлігі – шынайы өлшеммен жасалған адам мүсіндері. Сонымен қатар үйлер, көліктер, тіпті суасты минасы да кездеседі. Мұражайды аралаған турист өзін уақыт машинасымен саяхаттап жүргендей сезінеді. Майя өркениетінен бастап бүгінгі заманға дейінгі тарих көз алдыңнан өткендей әсер қалдырады. Кей сәтте теңіз түбіне бүтіндей бір ежелгі өркениет батып кеткендей көрінеді. Әр мүсінге ерекше атау берілген. Мәселен, «От ішіндегі адам» композициясында мүсіннің тесіктерінен жалын секілді маржандар өсіп шығады. Сондай-ақ «Арман жинаушы», «Бағбан қыз» атты туындылар да келушілер назарын аударады. Ал ең ауқымды композиция «Тыныш революция» деп аталады. Бір қызығы, көптеген мүсін нақты адамдардың бейнесін негізге ала отырып жасалған.

Бұл ерекше жобаның басты мақсаты – туризмнің теңіз экологиясына тигізетін зиянын көрсету. Әсіресе кей дайверлер теңіз түбінен маржан секілді «естелік заттарды» алып шығуды әдетке айналдырған. Ал суасты музейі туристерге табиғатқа зиян келтірмейтін қауіпсіз балама. Қазір Мексика әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшыларға ұмытылмас әсер сыйлап келеді. Бірі ақ құмды жағажайларды ұнатса, енді бірі көне археологиялық ескерткіштерді тамашалауға асығады. Ал Канкундағы суасты музейі – ерекше әсер іздейтін әрбір дайвер көруі тиіс таңғажайып орындардың бірі.

Әлемде талай қызық бар: таңғажайып музейлер топтамасы

Бейресми мәлімет бойынша, музейдегі мүсіндердің жалпы құны шамамен 350 мың долларды құрайды. Джейсон Тейлор бұл музейді жасау барысында су астында 120 сағат жұмыс істеген. Оның кәсіби дайвер болуы бұл іске көп көмектескен. Ең қызығы, мүсіндерге қайықтан жоғарыдан қарағанда олар өте үлкен болып көрінеді. Бұл күн сәулесінің судағы сыну құбылысымен байланысты. Барлық экспонаттың жалпы салмағы шамамен 200 тоннаға жетеді. Сондай-ақ музей екі негізгі аймақтан тұрады. «Machones» галереясы 8 метр тереңдікте орналасса, «Punta Nizuc» бөлігінің тереңдігі 4 метр. «Punta Nizuc» аймағын тек түбі шыны қайықпен тамашалауға болады, ал «Machones» бөлігін көру үшін дайвинг қажет.

МИКРОПИЯ: МИКРОБТАР МҰРАЖАЙЫ

Бүгінде әлемнің түрлі еліндегі хайуанаттар бағында таңғажайып жануарлардың небір түрін кездестіруге болады. Алайда Амстердам қаласында орналасқан «Микропия» музейі өзгелерден мүлде бөлек. Бұл микробтарға арналған әлемдегі алғашқы әрі бірегей музей. Мұнда келушілер көзге көрінбейтін микроәлемнің құпияларымен танысып, бактериялар, вирустар және сан алуан микроағзалардың тіршілігін тамашалай алады.

Біз қанша жерден тазалық сақтап, қолымызды сабындап жуып жүрсек те, жер бетіндегі тіршілік иелерінің үштен екі бөлігі микробтар әлеміне жататынын біле бермейіз. Осындай көзге көрінбейтін тіршілік иелерінің өмірін қарапайым адамдарға таныстыру мақсатында құрылған ерекше музей ғылым мен танымды ұштастырған тың жобаға айналды.

Әлемде талай қызық бар: таңғажайып музейлер топтамасы

Музей «Artis Royal Zoo» хайуанаттар бағының маңынан 2014 жылы ашылған. Бұл ерекше орталықтың құрылысына шамамен 10 миллион еуро жұмсалған. Идея авторы әрі негізін қалаушы – ғалым Хайг Балиан. Ол өз арманын жүзеге асыру үшін 12 жыл бойы еңбек етіп, нәтижесінде әлемде теңдесі жоқ ғылыми-танымдық мекеме ашқан. Микропия музейінің экспозициясы кәдімгі зертханаға ұқсайды. Өйткені мұндағы «тұрғындарды» жай көзбен көру мүмкін емес. Залда орналасқан электронды микроскоптардың барлығы үлкен экрандарға қосылған. Келушілер микроскоп астындағы микроорганизмдердің қозғалысын алып экраннан анық көре алады. Музейде Эбола вирусының үлкейтілген макеті де қойылған. Сонымен қатар арнайы 3D-микроскоп арқылы түрлі микроорганизмдердің тіршілігін жан- жақты бақылауға мүмкіндік жасалған. Осы арқылы ғылым әлемі көпшілікке қызықты әрі түсінікті түрде ұсынылады.

Музейдегі ең танымал экспонаттардың бірі – микроб сканері. Оның көмегімен әр адам өз денесінде дәл осы сәтте қанша бактерия мен саңырауқұлақ бар екенін анықтай алады. Ғалымдардың айтуынша, адам ағзасындағы кейбір бактериялар құстар үшін қауіпті болуы мүмкін. Музей мамандарының мәліметінше, адам денесінде шамамен бір жарым келіге жуық микроорганизм тіршілік етеді. Олардың басым бөлігі ішекте және тері қабатында орналасады. Яғни қолды қанша жерден жиі жуғанмен, бактериялардан толық арылу мүмкін емес. Мұны музейдегі арнайы тәжірибе арқылы көруге болады. Келуші алақан ізін қоректік ортаға түсіреді. Араға бірнеше сағат салып қарағанда, микробтардың қарқынды көбейе бастағаны байқалады. Ғалымдардың айтуынша, адам қолында орта есеппен 150 түрлі бактерия мен 30 шақты саңырауқұлақ түрі өмір сүреді. Бұл қалыпты жағдай.

Музейдің аға микробиологы Яспер Буйкс көпшілік арасында барлық микроб зиян деген қате түсінік қалыптасқанын айтады.

– Шын мәнінде, көптеген бактерия адамға зиянсыз, тіпті пайдалы. Тек кейбір түрлері ғана қауіпті болуы мүмкін. Біздің мақсат – микробтардың табиғаттағы маңызды рөлін көрсету, – дейді маман.

Әлемде талай қызық бар: таңғажайып музейлер топтамасы

Ал микробиолог Дженнифер Струйкенкамп музейдегі микроағзаларға арнайы қорек берілетінін айтады. Кейбірі өзге микроағзалармен қоректенсе, енді бірі түрлі микроэлементтерді пайдаланады. Келушілер осы процестің бәрін өз көзімен бақылай алады.

Музейдегі ең қызықты тіршілік иелерінің бірі – тынық жүргіш, яғни су аюы. Бұл микроскопиялық ағза балдыр шырынымен қоректенеді және ұзақ уақыт анабиоз күйінде тіршілік ете алады. Ал музейдегі құмырсқалардың кейбір түрі саңырауқұлақтармен бірге өмір сүреді. Ғалымдардың айтуынша, жаңа илеу салатын құмырсқа патшайымы саңырауқұлақ бөлігін аузымен тасып апарып, жаңа мекенде өсіреді. Осылайша жәндіктер мен саңырауқұлақ арасында ерекше симбиоз қалыптасады.

Микропия – жай ғана музей емес, ғылымды адамзатқа жақындатқан ерекше зертхана. Мұнда келген адамдар көзге көрінбейтін әлемнің қаншалықты күрделі әрі маңызды екенін түсінеді. Мұнда келген туристер музейден кейін табиғатқа мүлде басқа көзқараспен қарай бастайтынын айтады. Тіпті аквариумдағы балықтарға қарағанда да олардың денесінде өмір сүретін микробтарды елестетіп кететіндерін жасырмайды. Нидерланд еліндегі бұл ерекше музей ғылым мен танымды ұштастырып, адамзатқа көзге көрінбейтін тіршілік әлемінің шексіз құпиясын паш етіп келеді.

МАХАББАТТЫҢ МҰҢЛЫ МҰРАЛАРЫ

Еуропаның көптеген қаласы бір-біріне ұқсас көрінеді. Орта ғасырдан қалған орталық алаң, көне ратуша, биік шіркеулер, тас көшелер… Әрине мұның бәрі ерекше атмосфера сыйлайды. Тарихтың иісі аңқып тұрған ескі ғимараттар мен сәулетті көшелер кез келген туристі тәнті етпей қоймайды. Дегенмен кейде қаланың өзіне ғана тән ерекше «жаны» жетіспей жататыны рас. Ал Загреб қаласының ерекшелігі – оның жылылығы мен шынайылығында. Көпшілік оны Прага, Варшава немесе Таллин секілді көне еуропалық шаһарлармен салыстырады. Алайда Загребтің өзіндік рухы бар. Сол рухты айрықша сезіндіретін орындардың бірі – «Museum of Broken Relationships», яғни «Аяқталған махаббат музейі».

Бұл музейдің тарихы да өзгеше. Оны хорватиялық екі өнер адамы, продюсер Оленька Виштица мен мүсінші Дражен Грубишич құрастырған. Төрт жылға созылған махаббат хикаясы аяқталғаннан кейін екеуі қалжыңдап жүріп, «сәтсіз махаббаттан қалған естеліктерді сақтайтын музей ашсақ қайтеді?» деген ойға келеді. Уақыт өте бұл әзіл шынайы жобаға айналған. Алғашында олар достарынан өткен шақтағы қарым-қатынастарынан естелік болып қалған заттарды әкелуді сұрайды. Осылайша ерекше коллекция қалыптаса бастайды. Музей экспозициясы алғаш рет 2006 жылы көпшілікке ұсынылған.

Бастапқы кезде музейдің тұрақты мекені болмаған. Көрме әлемнің жиырмадан астам қаласын аралап, барған сайын танымал бола түседі. Кейін Оленька мен Дражен Загребтен арнайы ғимарат жалдап, барлық жәдігерді сонда орналастырады. Содан бері экспонаттар саны үздіксіз көбейіп келеді. Бұл музейдің басты ерекшелігі – әр заттың артында қос бірдей адамның тағдыры жатыр. Мұнда тек бұйымдар ғана емес, адамдардың сағынышы, өкініші, қуанышы мен жан жарасы сақталғандай әсер береді.

Экспонаттардың түрі өте көп. Бір жерде сынық әйнекке жазылған хат тұрса, енді бір жерде сүйіктісінен қалған бас киім, ойыншық немесе кілт сақталған. Тіпті кей заттар күлкілі болса, кейбірі жүректі ауыртады. Мәселен музейдегі ең әсерлі жәдігерлердің бірі – Сараево соғысы басталар алдында 12 жастағы баланың көрші қызға жазған махаббат хаты. Соғыс басталып, адамдар эвакуацияланғаннан кейін ол қызды қайта көрмеген екен. Хаттағы «Мен сені жақсы көрем» деп қайталанған сөздер оқырманды бейжай қалдырмайды.

Музейдің концепциясы өте қарапайым әрі терең мағыналы. Адамдарға іште қалған мұң мен өкінішті сақтап жүрмей, оны бөлісу ұсынылады. Ұмытылмай қалған махаббат естелігін музейге тапсыру кей адамдар үшін жан жарасын жеңілдететін өзіндік терапияға айналған. Әрине мұндай ашықтықты бәрі бірдей қабылдай бермейді. Біреулер жеке өмірді жария ету артық десе, енді бірі адамның сезімі мен тарихы мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін айтады. Қалай болғанда да, музейдегі әр оқиға адам тағдырының бір үзігі.

«Аяқталған махаббат музейі» 2011 жылы Еуропаның ең үздік музейі атағына ұсынылған. Бас жүлдені иеленбесе де, сол жылы беделді «Kenneth Hudson Award» сыйлығын жеңіп алған. Айта кету керек, бұл марапат тың идея мен ерекше мәдени жоба үшін беріледі. Загреб қаласындағы бұл музей адамдарға махаббаттың тек қуаныш қана емес, кейде сағыныш пен мұңға толы естелік екенін де еске салады. Бірақ дәл сол сезімдер адам өмірін терең әрі мағыналы ететіндей.

СӘТСІЗ ТУЫНДЫНЫҢ ДА ӨЗ ОРНЫ БАР

Бостон қаласындағы ерекше бастама – «Сәтсіз туындылар музейі» әлем назарын өзіне аударып келеді. Бұл жеке музейдің басты мақсаты – басқа ешбір өнер ордасынан орын таппаған, бағаланбаған туындыларды жинап, көпшілік назарына ұсыну.

Музей негізін қалаушылардың айтуынша, әлемнің әр қаласында ең үздік өнер туындыларына арналған музейлер жеткілікті. Ал олардың жобасы керісінше, «ең нашар» деп саналатын, бірақ өзіндік ерекшелігі бар картиналарды жинауға бағытталған бірегей орын. Дегенмен бұл жерде «нашар» деген ұғым тек шартты түрде ғана қолданылады. Себебі экспозицияға қойылған туындылардың көбі өзіндік ойымен, ерекше стилімен және күтпеген шешімдерімен көрерменді таңғалдырады.

Әлемде талай қызық бар: таңғажайып музейлер топтамасы

Музейдің тарихы 1993 жылдан бастау алады. Антиквариатпен айналысатын Скотт Уилсон қоқыстан табылған картиналарды достарына көрсеткен кезде, олар бұл ерекше туындыларды жинап, жеке коллекция жасау идеясын ұсынады. Осылайша «Сәтсіз туындылар музейінің» іргетасы қаланады. Келесі жылы-ақ музей бірнеше ерекше форматтағы көрмелер ұйымдастыра бастайды. Мысалы «Орман ішіндегі галерея» көрмесінде картиналар ағаштарға ілінген, «Суға батырылған сәтсіз өнер» атты көрмеде туындылар су өткізбейтін арнайы пленкамен қапталып, көшеде көліктен қарап тамашалауға арналған форматта ұсынылған, кейін 2001 жылы өткен «Жалаңаш өнер» көрмесінде ню жанрындағы картиналар жергілікті спа орталықтарында көрсетілген.

Бүгінде аталған музей қорында шамамен 500-ге жуық шығарма бар. Олардың орташа бағасы шамамен 6,5 доллар ғана. Дегенмен бұл туындылардың кейбірі авторлардың өздері тарапынан сыйға берілсе, кейбірі аукциондар мен қайырымдылық дүкендерінен сатып алынған.

Музейдің басты талабы – кез келген шығарма әдейі «әзіл үшін» жасалмауы керек. Яғни суретші оны шынайы ниетпен салуы тиіс. Бірақ туындыда айқын көркемдік кемшілік, пропорция бұзылысы немесе композициялық қателер болуы шарт. Балалар салған суреттер, фабрикалық өндіріс немесе туристерге арналған бұйымдар қабылданбайды.

Әлемде талай қызық бар: таңғажайып музейлер топтамасы

Өнертанушылар музейдегі картиналарға ортақ бірнеше белгіні атап айтқан. Олар қол мен аяқтың дұрыс салынбауы, мұрын мен бет пішінін бейнелеудегі қиындықтар, перспектива заңдылықтарының сақталмауы, түстерді орынсыз қолдану, табиғат элементтерін шынайы бере алмау. Дегенмен дәл осы кемшіліктер туындыларды ерекше әрі есте қаларлық ететін көрінеді.

Музей тарихында бірнеше қызық оқиға да болған. Өнер туындылары екі рет ұрланған. 1996 жылы «Эйлин» атты картина жоғалып кеткен. Музей оны қайтарған адамға бастапқыда 6,5 доллар сыйақы ұсынған, кейін бұл сома 36,73 долларға дейін көтерілгенімен, туынды табылмаған.

Осы оқиғадан кейін музей қызметкерлері жалған бейнебақылау камераларын орнатып, «Бұл галерея жалған камералармен қорғалған» деген жазба қалдырған. Алайда 2004 жылы тағы бір туынды, Ребекка Харристің автопортреті ұрланып кеткен. Ұры оның орнына 10 доллар талап еткен жазба қалдырғанымен, байланыс дерегін көрсетуді ұмытып кеткен. Нәтижесінде қаражат қалтада қалып, картина музейге қайтарылған.

Бүгінде «Сәтсіз туындылар музейі» әлемдік деңгейдегі танымал мәдени орынға айналды. Ол өнер тек мінсіз шеберліктен ғана тұрмайтынын, кейде қателіктердің өзі де қызығушылық тудыра алатынының нағыз дәлелі.

Тілек ҚАБЫЛ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!