Жалқаулықты жеңу – ерік-жігер мықтылығы. Алайда мұндай табандылық көптің қолынан келе бермейді. Кейде жылдам бітер істі ертеңге қалдырып, жоспарлаған тірлікті кейінге ысырған шақта жалқаулықтың құрығына түскенімізді іштей сеземіз. Бұл көңіл бөлуді қажет етпейтін әдет көрінгенімен, адамның тұрмыстық-тұлғалық дамуын тежейтін бірден-бір олқылық екені анық. Кедейлікке сүйрейтін кесірдің бірі осында жатыр. Сондықтан бүгінгі жастың жалқаулықты ауыздықтаудың амалын іздеуі де орынды. Сонымен әбігерге салатын әдеттен құтылудың жолы қандай?

Ұсақ-түйекке мән берме

Көбі уақытын кофе, шай демдеу, поштасын тексеру, әлеуметтік желідегі жаңалықты оқу, сүйікті сайттағы жаңа киім топтамасын тамашалау секілді маңызды емес іспен бекерге өткізеді. Мұндай іспен айналысқан кезде жұмысқа бөлінген алтын уақыттың қалай зыр етіп өте шыққанын байқамай да қаласыз. Сондықтан мұндай ұсақ-түйек іске алданбай, бар зейінді жұмысқа шоғырландырыңыз.

Жұмыс жоспары

Ісің жылдам әрі табысты жүрсін десеңіз, онда ойға алған мақсаттың бәрін тізімдеп жазу қажет. Алдағы уақытқа жұмыс жоспарын жасаңыз. Ұзақмерзімді және қысқамерзімді жоспарлар құруды да ұмытпаңыз. Әсіресе, маңызды істерді бірнеше кезеңге бөліп қою керек. Осылайша ойлануға және демалуға уақыт таба аласыз.

Мотивация

Еңбегіңнің мәні туралы еске түсіретін амал істеу табысқа жетелейді. Мысалы, мақсат автокөлік сатып алу болса, оның қандай болу керек екенін анықтап, суретін компьютердің немесе телефонның жұмыс үстеліне орналастырып қоюға болады. Жұмысты не үшін атқарып жүргеніңді ескертіп тұратын аңдатпаны басып шығарған жөн. Сондай-ақ ұлы адамдардың мақсат, арман туралы қанатты сөзі жазылған және мотивациялық кітапты сатып алуды ұмытпаңыз. Бой босаңси бастағанда дереу сол кітаптарды оқыңыз. Қанатты сөздер міндетті түрде шабыттандырады.

Таңды дұрыс қарсы ал

Тәуліктің 8 сағатын ұйқыға жұмсаңыз. Ал оянған сәтте төсектен бірден тұрып кетпей, бірнеше минут керіліп-созылып, жаңа күн туралы ойлану нәтиже бермек. Таңғы жаттығу жасауға ерінбей, бес минуттық жеңіл жаттығулардың өзі күні бойы сергек жүруге көмектесетінін ескеру қажет. Ыстық-суық суды кезектестіріп себезгіге (контрастный душ) түсу — ағзаны оятып, оған күш-қуат берудің ең жақсы әдісі. Таңғы ас — күннің жақсы басталуының кепілі. Ол жеңіл болу керек. Таңғы асқа сүзбе, астық дақылдары, жемістер, ботқа және шырын жеткілікті болады.

Уақытты дұрыс пайдалану

Уақытты жоспарлау өнері — бос уақытыңды бір шыны-аяқ кофе ішуге де үнемдей алады. Біз қазір «уақыт жетпей қалды» деген түсінікке орын жоқ заманда өмір сүріп жатырмыз. Кейде берілген жұмыс көлемін бір сағатта немесе бір күнде орындау мүмкін емес сияқты көрініп кетеді. Сол кезде бізге көмекке тайм-менеджмент келеді. Өз міндеттерімізді орындау арқылы біз мақсатқа, арманға күн сайын жақындай береміз. Сол үшін де барынша тырысуға болады. Кейбір күнді саябақта серуендеу үшін, кино тамашалап немесе күні бойы ешнәрсе істемей, тек ескі суреттерді көріп жату үшін арнаған да жөн. Бірақ бұған бойы алдырып кетпеңіз. Жалқаулық — жақсы әдет емес.

Мен жарадым!

Өзіңізге шарт қою да нәтиже береді. Мысалы, егер жоспардағы істі атқара алсам, өзіме әдемі көйлек аламын деп ынталандыру керек. Сыйлық көлемі атқарылған іске байланысты болғаны да маңызды. Сондықтан, бәрі өз қолыңызда!

Үзіліс

Жұмыс арасында үзіліс жасап тұруды естен шығармаған абзал. 20-30 минут жұмыс істегеннен кейін 5 минут тыныштықта отыру немесе таза ауамен тыныстау денсаулыққа да пайдалы екені белгілі. Осындай үзілістен кейін істеген ісіңізді тыныққан мимен дұрыс бағалай аласыз.

Кейінге соза берме

Жалқаулықты бас көтермей тұрып жеңіп тастаңыз. Ең бастысы мұның жалқаулық немесе басқа бір сырқаттың белгілері екенін дұрыс анықтап, қателеспеу керек. Әлсіздік, көңілсіздік, ұйқышылдық? Егер осы аталған белгілер анық байқалмаса, онда бұл – жалқаулық.

Дайындаған Б.Шағыров

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!