Жамбыл облысында бір отбасы мүшелері улы газға тұншығып, көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға Қонаев ауылынан 40 шақырым жерде «Шәріпхан» шаруа қожалығындағы тұрғын үйде болды.

«Қатты отынмен жылитын пешті пайдалану ережелері сақталмағасын, көміртегі тотығымен уланып, отбасының үш мүшесі мерт болды. Жағдайдың себебі мен мән-жайы белгіленеді. Оқиға орнына жеке құрамның 2 адамы және ТЖД техникасының 1 бірлігі шықты», – делінген төтенше жағдай департаменті хабарламасында.

1965, 1969 жылғы ер мен әйел және 2008 жылы туған бала көз жұмды.

Сондай-ақ, Қазақстанда өткен екі күнде газға улану салдарынан 14 адам ауруханаға жатқызылды.

19 желтоқсанда Семейде пешпен жылитын екі қабатты тұрғын үйде үш адам газға тұншығып, ауруханаға жатқызылды.

Дәл сол күні Астанада жеке екі қабатты тұрғын үйде пеш ақау беріп, соның салдарынан үш ересек пен үш бала орташа ауырлықта уланып, ауруханаға жеткізілді.

18 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының орталық ауруханасына көміртегі тотығымен улану белгілері бар 15 жастағы жасөспірім ауруханаға жатқызылды. Белгілі болғандай, апат жігіт ваннада болған кезде тазаланбаған мұржаның салдарынан болған. 

Сол кезде Жамбыл облысы Бурыл ауылындағы жеке тұрғын үйде газ колонкасын пайдалану ережелері сақталмағандықтан, улы газға тұншығып, 1959 жылғы үй иесі мен 1990 жылы туған әйел адам, сондай-ақ 11 және 7 жастағы балалар ауруханаға жатқызылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!