Жыл санап облыс орталығындағы халық саны артуда. Мұндай өзгеріс тұтынушылық бағытта тың жоспар түзіп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жаңа бастамаларға кезек берді десек, артық емес. Әсіресе, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен қоғамдық көлік жайы күрделі шешімді талап етуде. Осыған орай, жуырда «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС-ның қосымша көлікпен толығуы көпті толғандырған мәселенің шешімі болатындай.

Расында, қаланың бас жоспарына сәйкес, жаңа мөлтек аудандар бой көтеріп, тұрғындардың қатары артқаны шындық. Мәселен, Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа тұрғын аудан бой көтерсе, «Бәйтерек» мөлтек ауданынан «Бала мекен» елді мекені салынды. Мұнда көпбалалы отбасыларға баспана табысталып, қоныстануға жағдай жасалғанын білеміз. Оған қоса бұл аумақтағы құрылыс жұмыс пен жаңа нысанның қарқыны бәсеңдеген емес. Сондықтан алған бастама шаһар аумағындағы жолаушылар тасымалының маршруттық сызбасына біршама өзгеріс енгізген болатын. Тұрғындар да көліктердің жеткіліксіздігі мен жүру жиілігіне қатысты сын айтып, бірнеше мәрте шағым да жасаған.

– Бүгінге дейін «Сол жағалау» мөлтек ауданы тұрғындары атынан қоғамдық көлік мәселесін билік назарына ұсындық. Көліктердің аздығын айтпағанда, олардың араға жарты сағат салып қатынайтынын ашына жеткізген едік. Осыны ескере, «Қызылорда Автобус паркі» ЖШСның жаңа автобуспен толығуын қуана қабылдыдық. Бұрынғы көліктерге қарағанда шағын әрі жылдам жүреді. Бұрынғы автобустар арасы ұзақ болатын. Аялдамада көп күтіп қаламыз. Қазір жағдай мүлде бөлек. Әрбір 3-4 минут сайын қоғамдық көлік қатынап тұр. Жыл соңына дейін тағы 129 автобус қосылса, өзге аумақтағы тұрғындар да бұл мәселеден құтылар еді, – дейді қала тұрғыны  Жеңісгүл Ақпанбаева.

Бүгінде жыл басынан бері жоспарланған автобустардың алғашқы легі Сыр еліне жетті. Жаңадан алынған 15 көлік №18 бағытқа қосылып, қаладағы қоғамдық көлік мәселесін реттеуға жол ашқан. Аталған бастамаға облыс әкімінің өзі қолдау білдіріп, мекеме теңгеріміне 150 автобус сатып алуға қаржы бөлінген еді. Алдағы уақытта қалған 135 дана үлкен сыйымдылықтағы автобус жеткізіліп, қалалық бағыттарға қосылатын болады.

Айта кетейік, «Қызылорда Автобус паркі» ЖШС-нің лизингке 150 автобус алу жұмыс «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жүргізілуде. Қоғамдық көліктерді алдыру үшін алғашқы 20 пайыз жарнасын төлеу мақсатында облыстық және қалалық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылған. Жаңадан алынған автобустар қалаішілік қоғамдық көліктердің 14 бағытын қамтиды. Бұл өз кезегінде қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруға айтарлықтай септігін тигізгелі отыр. Жолаушылар тасымалдауға арналған сыйымдылығы жоғары автобустар биыл толық алынады деп жоспарлануда.

– Аталған автобустар Қарағанды қаласынан жинап құрастырылған. Автобустардың барлығының ішінде салқындатқыш бар және заманауи жабдықтармен қамтылған. Көліктердің барлығы лизинг арқылы «Қазтехно» мекемесінен несиеге алынды. Автобустар толық әкелінгеннен кейін, бұрын көлік тапшылығынан алынып тасталған кейбір бағыттар қайта жанданады.  Қоғамдық көлікті сағаттап күтіп, келгенде әрең сиятын тұрғындардың мәселесі осылайша шешімін таппақ, – дейді «Қызылорда Автобус паркі» директорының орынбасары Мақсат Жүсіп.

Міне, көптен күрмеуі шешілмей келе жатқан олқылықтың орны толды. Жаңа көлік, тұрақты кесте. Тұрғындар қоғамдық көлікке мұнан артық талап қоймасы анық. Тек автобустардың сапасын қадағалап, жүйелі тексеріс жүргісілсе болғаны.

Берен Шағыров

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!