Фото: madeniportal.kz

Тәуелсіз Қазақстан дербес ел болып қалыптасқаннан бері қазақ шежіресі жадымызда жаңғырып, санамызда жатталды. Қазір Қазақстан ынтымақ пен бірлік орнаған абыройлы елге айналды.

Тәуелсіздікті сақтау және қорғау – біз үшін парыз. Қазақ халқының ділі, діні, тілі, жері, салт-дәстүрі ұрпаққа аманат. Ең маңыздысы, сол аманатқа қиянат жасамай, оларға тәуелсіздік ұғымының қасиетін, қадірін ұғындырып, оның түп – тамырын, өсіп-өркендеген өрісін таныту керек.

Осындайда «біз жас мемлекетіміздің іргесін бекітіп, шаңырағын биік етуге қандай үлес қоса аламыз?» деген сұрақ туады. Біздер, жас жеткіншектер, арманымыз бен қиялымызды ұштастыра отырып, еліміздің өркендеуіне атсалыса аламыз десек, артық айтпаған болар едік. Мен солай ойлаймын. Көркем әдебиетті, әсіресе ауыз әдебиетін оқи отырып, осындай ойға келемін. Аңыз, ертегідегі түрлі образдар, атап айтсам, ұшқыш кілем, Желмая сынды бабаларымыз армандаған дүниелер кейін қолданысқа енді емес пе?! Міне, осыған қарап, балалардың ойынан шыққан туындылардан өнертапқыштарда идея туындап, жаңа дүниелер жасап шығаруы әбден мүмкін. Сол үшін де балалар арасында түрлі сайыс, жоба ұйымдастырылады. Жастар жігерлі, қайратты. Қанында бар қасиетті жонып жіберсе болғаны елі үшін жанын салары хақ. Олар еліміздің болашағын көріп, сезіне алады.

– Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін, – деп Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай, еліміздің асқақ беделін айқын көрсете алатын ерекше күш иелеріне, жастарға, қолдау көрсетілсе еліміздің өркендейтіні анық. Ендеше, жаңа Қазақстанның жас ұрпағына жаңаша көзқарас, жаңаша серпін берсін деп тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Исламмаддин ҚЫЗЫЛБАЕВ,
Ж.Әбдірашев атындағы
№62 мектеп-лицейінің
оқушысы Арал қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!