Батырбек, Әсел ЖҰМАТАЙ, онлайн-кәсіпкерлер:

    Әлеуметтік желіде көпшіліктің көзайымына айналған фудблогер Әсел мен оның жолдасы, онлайн-кәсіпкер Батырбек Жұматайды танымайтын адам кемде-кем. Ең алғашқы еңбек жолдарын Қызылорда облысының Жалағаш ауданында бастаған олар бүгінде бизнестегі табысты жолдарын қалыптастырып үлгерген. Қазір инфо-кәсіпкер Батырбек пен фуд-блогер Әселдің тірлігі тиянақты, шаруасы оңды, табысы құнды.

− Бизнес әлеміндегі алғашқы қадам қалай басталды?

− Әсел екеуміз 2017 жылдың қаңтар айында шаңырақ көтердік. Сол жылдың мамыр айына дейін менің қызмет бабыма сәйкес Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласына қоныс аудардық, − деп Батырбек баппен әңгімесін бастады. − Мен ол кезде Жаңаөзен қаласындағы қазақ-түрік лицейінде жұмыс жасадым. Негізгі мамандығым мұғалім, яғни  математика және қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жоғары білім алғанмын. Мектепте сабақ беріп жүрген сол уақытта келіншегім үй шаруашылығымен алаң болатын. Содан болу керек, жиі күйзеліске түсіп,  көңіл-күйі болмай жүрді. Әрі ол кезде тұңғышымызға аяғы ауыр еді. Бір күні келіншегімнен «қандай дүниеге қызығатынын,  бос уақытында не істегісі келетінін» сұрадым. Әсел бір сөзінде «асханада түрлі тәттілер пісіргенді, тағамның өзге де түрлерін дайындағанды ұнататынын» айтты. Мен оның бұл таңдауына қолдау көрсетіп, екеуміз бірге тәттілер пісіруге қажетті құрал-сайман, ыдыстарды сатып алып келдік. Сол кезден бастап Әсел өзінің қалауы бойынша тәттінің  түр-түрін пісіре бастады, әрі бос уақытында Instagram парақшасын сапалы  түрде жүргізуге көңіл бөлді. Бұл кезеңді Әселдің фуд-блогерліктегі ең бірінші қадамы деп айтуға әбден болады. Ал менің ол кезде «Өмір жолы» атты Instagram парақшам болды. Жалпы өзімнің SММ саласынан біршама хабарым болған соң, осы әлеуметтік желі арқылы табыс тауып жүрдім.

− Фуд-блогерлікті қолға алмас бұрын басқа кәсіп түрімен айналыстыңыздар ма?

− Жалағашқа қайтып келіп, осы жақта бір жылға жуық ата-анамыздың жанында болған уақыттар болды. Сол уақытта  Әсел ауылда жүріп-ақ инста парақшасын дамытуға күш салды.  Арада біршама уақыт өткен соң келіншегіммен бірге балалар киімін сатуды қолға алдық. Біраз уақыт қиналдық, бірақ нәтиже біз ойлағандай болмады. Сол арада ауылдағы бір-екі мекеме мамандығыма сәйкес жұмыс ұсынды. Алайда менің мемлекеттік қызметке қарағанда, кәсіпке деген қызығушылығым басым болды, әсіресе табыс табудың жүйесін зерттеуге, тұтынушылармен жұмыс жасауға, тауарды сатуға деген қабілетім жоғары еді. Осылайша 2018 жылдың күзіне дейін ауылда болып, келіншегіммен бірге біршама бастамамен жұмыс істедік. Тапқан табысымыз жақсы болса да, біздің ойымыздағы өмір үшін жеткіліксіз екенін түсіндік. Сондықтан бізге үлкен қалада еңбектену қажет болды. Менің алдымда екі үлкен таңдау тұрды. Біріншісі өзім жеті жыл бойы білім алып, қызмет еткен Ақтау қаласына немесе кәсіп пен өнердің ордасы саналатын Алматыға көшуді мақсат еттім. Сол кезде маған Алматы тұрғындарының тынымсыз тірлігі, жалпы қаладағы қызу тіршілік шынымен қызық көрінді. Ниетімізге орай, Алматыға келіншегім, қызым Зеремен бірге көшіп келдік. Бірақ бұл жаққа келгенде біздің дайын жұмысымыз да, тұрақты баспанамыз да болмады, тіпті  сөзбен демеп, қолдау көрсететін адам да кезікпеді. Алайда Әсел шеберлік сағатын ұйымдастырып жүрген соң, өзіне қажетті дүниелері қол жетімді болды. Ал мен ірі компаниялардың маркетингтік жарнама қызметі бойынша жұмыс істей бастадым. Қателеспесем, сол кездегі  үйіміз Алматының шет жағындағы Кассина көшесінде орналасқан еді. Көне, қабырғасы құлауға жақын үйді жалдап тұрдық. Ауданның өзі сондай ескі еді. Бірақ біздің ең негізгі еңбек жолымыз осы  кезден, осы ауданнан басталды. Біз қыдыруды да, бос уақытымызды демалысқа арнауды да ойламадық. Барынша білім алуды көздеп, қаржы жинауға, үнемдеуге тырыстық. Осылайша Әсел үйде, ал мен қатарынан екі-үш компанияда жұмыс жасап жүрдім. Сонымен қоса «Бизнес-бастау» бағдарламасы бойынша білім алып, екі курс аясында кәсіпкерлік тәжірибе жинақтадым. Әсел де өзін дамыту үшін шеберлік курстарына  қатысып, жаңадан үйренген дүниелері жайлы Instagram парақшасында жазып жүрді. Осыдан соң біздің отбасылық табысымыз кішкене болсын көтеріле бастады.

  •   Батырбек, не үшін SMM саласын таңдадыңыз, графиксіз жұмыс істеу қаншалықты тиімді?   

− Таныстарым да менен «екі дипломың бола тұра, не үшін басқа саланы таңдадың?»  деп жиі сұрайды. Мен мұғалім ретінде мектепте екі жыл қызмет жасап көрдім. Бірақ уақыт өте келе бұл сала менің қалауым емес екенін түсіндім. Менің қабілетім − маркетинг, сату. Мен өнімді, ақпаратты, қызметті сата алатын қабілетім барын Алматыға келгенде түсіндім. Шынымды айтсам, алып қалаға келгенде «мүмкін, бастапқыда репетитор болармын» деп те ойладым. Бірақ мен бизнес курстарына қатысу арқылы өзімнің бейім саламды таптым. Негізі жер бетіндегі әрбір адамның өзгелерде қайталанбайтын, белгілі бір сала бойынша қабілеті болады. Бізді Алла о баста солай ерекше жаратқан. Егер адам сол қабілетін дәл тауып, кәсіпке айналдырса ол графиксіз жұмыс істеп, өзі қалағандай өмір сүре алады. Бұл − барлық адамға берілген мүмкіндік. Графиксіз өмір сүру деген − өзің құрған жоспарыңды жауапкершілікпен орындау деген сөз. Біздің де таңертең тұрғаннан түнге дейін жұмыс істейтін кездеріміз болады, бірақ біз өз игілігіміз үшін қызмет етіп жүргендіктен еркінбіз. Сол үшін де шаршамаймыз және осылай жұмыс істеу келіншегіме де, өзіме де ұнайды. Сондықтан бізден кейінгі жас буынның  да осылай өз қалауымен өмір сүргенін қалаймын.
Әсел, мықты кондитер болудың құпиясы қандай?

 − Жоғарыда жолдасым айтып өткендей, үйде отырып, өзімді табу жолындағы  ізденіс мені фуд-блогерлікке әкелді. Осыдан үш жыл бұрын Instagram парақшамды ашқан кезде қазақ тілді фуд-блогерлер жоқтың қасы еді. Сол үшін мен алғашқылардың бірі болып көптің сұранысына ие болдым деп ойлаймын. Аллаға шүкір, қазір ниетіме орай еліміз бойынша №1 қазақтілді фуд-блогерге айналдым. Әлеуметтік желіде көпшілік менен «бәріне қалай үлгересіз?» деп жиі сұрайды. Егер адам шын көңілмен қаласа, бәріне уақыт табуға болады. Осы орайда  жолдасым маған көп қолдау көрсетеді, тіпті мен әзірлеген тағамдарды бейнежазбаға түсіріп, өңдеп, дайындап береді. Менің ең алғаш жасаған тәттілерім кәдімгі үй жағдайындағы кекстер еді. Оның арасында күйдіріп-жандырып жасаған тоқаштар, түрі онша емес пиццалар да бар (күліп). Айта кетейін, мен мықты кондитер болу үшін  көп жерден сабақ алдым, түрлі аспаздық мектептен өттім. Ал қазір сол білгенімнің бәрін «Тәтті Ару» контидерлік мектебімде шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Оған қоса «Бал ZERE» атты онлайн дүкеніміз бар.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!