Мемлекеттің даму көрсеткіші жастарға байланысты болса, болашақты жасайтын, өзінен кейін жаңа ұрпақ, жаңа буынды тәрбиелейтін – жас отбасылар. «Отан отбасынан басталады» дейді қазақ халқы. Әр өңірде орналасқан жастар ресурстық орталықтары жас отбасыларды да назардан тыс қалдырған емес.

Облыстық жастар ресурстық орталығы бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Қызылордалық жас отбасылардың жайы қалай? Бұл бағытта қандай шаралар жүзеге асырылуда?

Орталық мамандарының айтуынша, жыл басынан бері 9 ай ішінде жас отбасылармен жұмыс бағыты бойынша 31 шара өткізіліп, 1981 жас белсене қатысқан.

Жыл басында облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу» бөлімінің «Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығы» «Бақытты отбасы» бөлімінің арасында меморандум жүргізілген.  Меморандумның басты мақсаты – жастар мен жастар ұйымдарын және жас отбасыларды қолдау, аз қамтылған отбасылардың жастарына арналған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру және бірлесе отырып әріптестік қатынас орнату.

15 сәуір – ұлттық ғашықтар күніне орай облыстық жастар ресурстық орталығының және «БаянСұлу» ЖШС-нің Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен үлгілі жас отбасылармен жастардың кездесуі өтті. Кездесу қонағы Асхат Байдаулетов жұбайымен танысқан сәтінен бастап отбасы құндылығы, бала тәрбиесіне тоқталып, жастарға, жас отбасыларға өз ақыл-кеңестерін айта отырды. Кездесу барысында жастар қонақтарға сауалдарын қойып, қызықты ақпараттарға қанық болды. Сондай-ақ жиын соңында қатысушыларға «БаянСұлу» ЖШС-нің тәттілері таратылып, жастар естелік суреттерге түсті.

Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы мен облыстық жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен аймағымыздағы ерекше жастармен кездесу өтті. Мақсат – мүмкіндігі шектеулі жастардың тыныс-тіршілігімен таныса отырып, ұсыныс-тілектерін тыңдап, барынша жағдайларын жақсарту үшін тиісті жұмыстарды атқару. Еркін форматтағы бұл жиында жастар ойларын ортаға салып, күнделікті өмірде, қоғамдық орындармен қатар жұмыс барысында кездесетін мәселелерін ортаға салды. Кездесу қорытындысына сай, қатысушылардың ұсыныстары тыңдалып, арнайы бірлескен жоспар әзірленетін болды.

28 сәуір күні шаһар орталығында «Менің қолымнан бәрі келеді» атты мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті. Шараның мақсаты – өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, қолдан жасалған туындыларды насихаттау, көрмеге келген жандар өз қажеттіліктерін алуға ықпал ету. Жәрмеңкеде әртүрлі тоқыма, сазбалшықтан жасалған құмыралар,тоқыма бұйымдар мен қыз жасауына арналған көрпеше, көрпе-жастықтар қойылды. 2 сағатқа созылған жәрмеңке барысында 20-дан астам шебер өз туындыларын ұсынса, қала тұрғындары қызыға тамашалады. Жәрмеңке барысында тұрғындар тарапынан ерекше бұйымдарды сатып алғандары да бар. Соның бірі – Динара Ратқызы. Ол ерекше балалардың қолынан дайындалған ақша жәшігіне(копилка) көзі түсіп, сатып алғанын айтады. Көрмеде ерекше жандардың тек өз бұйымдарын жайғастырып қана қоймай, сол күні ерекше көңіл-күй мен әсер қалдыратын әндер айтылып, қатысушыларды облыстық жастар ресурстық орталығының Алғыс хаты табысталды. Игі шараға 200-ге жуық жас белсене қатысты.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен балаларға арналған «Балалар – біздің болашағымыз» атты мерекелік кеш өтті.Өздеріне арналған мереке екенін сезінген балалар әр түрлі кейіптегі аниматорлардың ойындарына белсене араласып, мәз-мейрам болды. «Грация» би тобының көңілді биімен жалғасқан кеш бүлдіршіндерді шат-шадыман етті. Мерекелік шара бүлдіршіндерге арналған түрлі би, жанды дауыстағы әсем-әуендермен жалғасты.

Еліміздегі «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» республикалық акциясы аясында бала еңбегін пайдалану проблемасына қоғамның назарын аудару мақсатында білім басқармасымен бірлесіп қала аумағындағы көлік жуу, кафе, тамақтану орындарында ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жеке кәсіпкерлерге балалар еңбегін шектен тыс пайдалануға болмайтындығы туралы үн парақшалар таратылды. Балалар – біздің қоғамның ең әлсіз, әрі қорғаусыз бөлігі, сондықтан олардың құқығы әр кезде де қорғалып, сақталуы тиіс .Науқан 10 күнге жалғасты.

Облыстық «Жас отау» отбасылар клубы 4 рет жиын өткізіп, оған 68 жас белсене атсалысқан. Сонымен бірге жастар орталығының тарапынан қолға алынған тағы бір мықты жоба – «Жас жұбайлар» youtube бағдарламасы. Мұнда өзекті тақырыптар бойынша қазақша контент салынып, талқыланып тұрады.

Психология бағыты бойынша жас отбасылармен, жастармен 10 шара ұйымдастырылған. Шаралар түрлі форматта өтеді. Мәселен, бірінде семинар-тренинг болса, бірі кеңес түрінде, енді бірі кино көрсетілімі арқылы өткізілген. Бөлімнің кеңесші-психологының 9 айлық жүргізген психологиялық кеңес саны – 30. Олардың көбісі ұрлық, достар арасында орын алған келіспеушілік мәселесі, отбасындағы балаларымен болған ұрыс-керіс мәселелері. Соның ішінде пробация қызметі есебіндегі жастарға 8 рет қабылдау жүргізілді. Жолдастары арасында болған келіспеушілік орын алған жағдай – 10. Отбасындағы балаларымен болған ұрыс-керіс мәселелері бойынша – 7, басқа мәселелер – 5. Демек бұл психолог қызметінің пайдалы екенін, сол арқылы жастарды не мазалайтынын анықтауға болатынын білдіреді. Мәселенің мәнісіне үңілу арқылы жастарды түрлі қауіпті жағдайлардан, суицидтан, ажырасудан, интернет алаяқтарға алданудан алдын ала сақтандыра аламыз. Бұл орайда психологтың орны бөлек.

26 Мамыр күні облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен кәмелетке толмағандар және жастар арасында қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мен болдырмау; жыныстық қол сұғушылық; суицид бағытындағы қылмыстық профилактиканы жүзеге асыру мақсатында сала мамандарымен кездесу өтті. Түсіндірме жұмыстарын жүргізудегі мақсат – кәмелетке толмаған жастар арасындағы зорлық зомбылық туралы мағлұмат беру, адамның ең басты құндылығы оның бостандығы екенін және жастарға адамзаттық құқықтарымен бас бостандықтарын қорғауы туралы үйрету. Жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстап, адамгершілігі мол саналы азаматша болып өсуіне ықпал жасау. Кездесуге облыстық жастар денсаулық орталығымен қоса әр түрлі бағыттағы сала мамандары қатысып, өз кезегінде жастардың сауалдарына жауап беріп, пайдалы ақпараттармен бөлісті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!