Жақында өңірлік XVІІ жастар Дельфийлік ойындарында «Шертер» номинациясы бойынша Тұрар Жарылхапов І орынды  иеленді. Сондай-ақ музыкалық колледждер арасындағы 42  республикалық орындаушылар байқауында ІІ орынды қанжығасына байлады. Енді Тұрар және оның шертер аспабы туралы аз-кем оқырманға таныстырайық.

Тұрар Жұмабайұлы ‒ Шиелі ауданының тумасы. Ол орта мектепті бітірген соң, музыка саласына ерекше қызыққанын айтады.

‒ Қазіргі уақытта Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде «Халық аспаптар» бөлімінде «Шертер» мамандығы бойынша білім алудамын. Шертер аспабын көпшілік біле бермейді. Қариялардың әңгімесіне қарағанда шертердің құрылысы мен формасы домбыраға ұқсас болған. Мойыны қысқа, қыл ішек тағылған, үлкендігі қобызға шамалас. Аспаптың шанағы жартылай көң терімен қапталған, сондықтан да дыбысы қоңыр әрі жағымды. Аспапта үш ішекті домбыраның күйлері еркін ойналады. Менің бұл салаға яғни музыка әлеміне келуіме әкем ықпал етті, ‒  дейді Т. Жарылхапов.

Алайда Тұрардың әкесі бастапқыда ұлының өнер адамы болғанын қаламаған. 

‒ Мен кішкентай кезімнен сырнайдың (баян) үнін естіп өстім. Әкем өнер адамы болса да, менің бұл  салаға келуіме қарсы болды. Бірақ мектеп қабырғасында жүргенімде гитарада ойнай бастадым. Кейін менің бойымдағы өнерді байқаған әкем батасын берді. Осылайша мен әкемнің өнердегі жолын жалғадым. Сондықтан әкемді алғашқы ұстазым санаймын. Ал екінші ұстазым ‒ Бағдат Құдайбергенов. Алға ұмтылуға көмектескен ұстазыма алғысым шексіз. Бүгінде ән шығарып жүрмін. Болашақта жазған әндерімнің сахнада орындалғанын қалаймын, ‒ дейді жас музыкант. Өнер саласына өзіндік қолтаңбасын қалдыруды армандайтын Тұрардың әлі талай биіктерді бағындырары анық.

Шертер ‒ үш ішекті, шертіп ойнайтын, қазақтың музыка мәдениетіндегі көне аспаптың бірі. Шертер көбінесе ән-жыр, дастандарды қостауға арналған. Ол бақташылар арасында кең таралған. Қазіргі кезде пайдаланып жүрген сазсырнай, жетіген, шертер, қылқобыз, сыбызғы, шаңқобыз сияқты ұрмалы аспаптар орындаушыға кеңінен танымал.

Аружан МИРАМҚЫЗЫ