Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл – жастарды қолдауға бағытталған маңызды құжат. Өйткені жастар – ел дамуы мен болашағының стратегиялық ресурсы.

Мемлекет бірінші кезекте жастардың сапалы білім алуын, денсаулығын сақтауды, жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлікпен айналысуын, тұрақты баспанамен қамтылуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие алуын, экологиялық мәдениетін қалыптастыруын және талантты жастарға көмек беруді басым бағыт ретінде қарастырады. 2009 жылы елімізде «Жастар жылы» деп жариялануы бекер емес. Қазірдің өзінде мемлекеттік бағдарламаларда жастарды қолдау шараларына басымдық беріледі. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылуы жастар саясатына жаңа серпіліс әкеледі деген сенім мол.
Жаңа заңның игілігін барша жас көреді деп сенім білдірген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Қазақстан әлемдік жастардың дамуы индексінде 150 мемлекеттің ішінде 54-орында тұр. Жастардың даму индексінде негізгі 12 компоненттің 9 тармағы бойынша пайыздық коэффициенттер өскені байқалады. Жалпы, жастарымыз сан түрлі ой-пікірі, сан алуан ұстаным-бағыты, көзқарасына қарамастан ортақ мүддеге жұмылғаны жөн. Ал аталған заң жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», дейді. Сонымен заңдағы өзгерістер қандай?
Ең бастысы – жастардың даму индексі және уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар) деген ұғымдар заңнамалық тұрғыда бекітілді. Елімізде жұмыссыз және оқудан шығып қалған жастар көп екені белгілі. Бұл мәселе заңда кеңінен қарастырылды. Бірінші рет NEET санатындағы жастардың индикаторы айқындалады. Енді осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, түрлі әлеуметтік көмек беріледі.
Сонымен қатар заң аясында жастардың жас шегі 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осы өзгеріске байланысты еліміздегі жастардың жалпы саны 6 миллионға жетіп отыр. Жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілді. Жастар саясаты бағытында бұдан өзге де бірқатар маңызды өзгеріс бар. Аталған заң жастар саясатын іске асыру бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!