Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірі тамыры тереңде жатқан та­рихи қалашықтарымен ерекшеленеді. Оған дәлел оңтүстік аймақтағы Сауран, Сығанақ, Арықкөк, Өзгент сынды өр­не­гі өзгеше орындар осы аймақта. Со­ның бірі – Отырар археологиялық экс­пе­дициясының негізінде 1973 жылы зерт­тел­ген Аққорған төбешігі.

Төбешік Сырдарияның сол жағалауындағы Жа­ңа­қорғаннан оңтүстік-батысқа қарай 40 шақырымдай жерде, қазіргі Түгіскен ауылының орнында болған. Күні кешеге дейін бүтін сақталған орта ғасырлық қамалдың қазір үйінді төбесі бар.

Аққорған XVI-XVII ғасырлардағы Қазақ ханды­ғы кезеңінде Сыр бойында өркендеген бірқатар қалалармен қоса аталады. Тарихшы Ибн Рузбихан  «Түркістанның 30 бекінісі» атты еңбегінде Сырда­рия мен оның оң жағалауындағы Аркөк, Өзгент қалаларымен Аққорғанды да дамыған қалаларға қосады. Себебі кейбір деректерде Аққорғанда ас­тықтың мол қоры болған, жері суармалы егіншілікке құнарлы, берекелі аймақ деп көрсетілген.

Аққорған – адамның емес қамал, қорғанның аты. Жаугершілік заманда анталаған жауға ауыздық қойып, қарсы шығатын қамал ретінде со­ғылған. Биіктігі 20 метр, ұзындығы 4, ені 3 метр болған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1446 жылы Шығыс Дешті Қыпшақ ханы Әбілқайыр Сығанақ, Өзгент қалаларымен бірге Аққорғанды да басып алған. 1582 жылы қазақтың болашақ ханы Тәуекел Ибадулла II сұлтанмен осы Ақққорған төбесінде кездескен. Қорғанның Аққорған деп аталу себебі көз ұшында ақ кебіндей ағараңдап көрінеді екен. Әлі күнге дейін толыққанды зерттеуден өтпеген бұл қорғанның маңайынан бүгінде қыш құмыралардың сынығы мен цифры өшіп қалған мыс теңгелерді кездестіреміз.

Туған өлкенің әрбір қиыршық құмы мен түйіршік тасының сан ғасырлық сыры бар екенін ескеріп, Аққорғандай қамалға зерттеулер жүргізсек, құнды ғылыми еңбек жазылары анық. 

Жәмила ЕРМАХАН,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

ІІІ курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!