«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»


«Наркотик» − грек тілінен естен айырылу деген мағынаны білдіреді. Бүкіл әлемдік медицинада есірткінің ауру сезгіштікті жоятын химиялық зат екені белгілі. Қазіргі уақытта есірткі айналымына көп елде шектеу қойылған. Себебі салауатты өмірге кері ықпалын тигізетін жағымсыз әрекет − нашақорлық. Есірткі − денсаулықты құртатын жаулардың бірі десек те қате емес.
Егер есірткі бір рет қолдансаңыз, оған тәуелді боласыз. Сондықтан ешқашан, бір рет болсын, есірткі қолданбау керек. Оны қолданған әрбір адам «Мен бір рет қызық үшін көремін ғой, олар сияқты нашақор болмаймын», − деп айтқанымен оның құрамындағы заттар адамды өзіне тәуелді етеді. Осылайша адам тәуелді болып қалады. Есірткіні қолданбай тек өсіріп, сататын болсаңыз да заң жүзінде жауап бересіз. Психотроптық заттарды өсіру, сақтау және таратудың да жазасы ауыр болады.
Адамдар есірткіні не үшін қолданады? Бұл сұраққа олар түрліше жауап береді. Ең алдымен адамдар дендері сау болса да есірткі ұсынған адамдарға қызығып, қолдануды абырой көреді. Ал екінші адам стресс, депрессияға түстім деген сылтаумен, жүйке жүйесі тозып өмірден шаршағанда, жандарын тыныштандыру мақсатында пайдалануы мүмкін. Яғни, есірткі қолданғанда адам «рахат, ләззат» аламын деп ойлайды. Міне, осындай желеумен олар сол есірткіге тәуелді болады және уақыт өткен сайын одан да күшті түрін іздейді. Бірақ есірткі адамды қиындықтан құтқарады деген бос сөз. Керісінше бұл әрекетіңізбен жақындарыңыздың алдында абройыңызды, сыйластығыңызды түсіресіз.
Нашақорлыққа «жоқ» деп айту үшін ең алдымен адам мына нәрселерді білуі керек: есірткінің адам өміріне тигізетін қаупін түсіну; проблемадан қашпай, шеше білу; өзгеге көмектесу; өзіңді және өзгені құрметтеу; өз-өзіңе сенімді болу.
Адам «жоқ!» деп айтуды үйреніп, есірткі қабылдайтын адамдармен араласқанда алдағы өмірі жайлы ойлану керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, нашақор болғаннан кейін қатені түсінгенде тәуелділіктен арылу қиын болады. Сондықтан есірткі қолданбауды және оған тәуелді адамдармен жақын араласпауды қолға алу қажет.

Жансая КАМАРАДИНОВА,

Қызылорда қаласы, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті

#есірткігеқарсы

#противнаркотиков

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!