3 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қызды зорлау фактісі бойынша сот үкімін шығарды. Ер адамға 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz.

Айта кетсек, 55 жастағы автобус жүргізушісінің сал ауруымен ауыратын 16 жастағы жасөспірім қызды зорлады деп айыпталған еді.

Оқиға 16 мамыр күні күндіз болған. Жасөспірім колледжден автобуспен үйіне қайтқан. Қыздың ағасының айтуынша, жүргізуші жасөспірімге қаланы аралатып көрсететінін айтып, автобуста қалуын сұраған. Содан кейін ол соңғы аялдамаға барып, күш қолданып, зорлық жасаған.

Ағасы автобустағы камераның қозғалыс кезінде қосылып тұрғанын, бірақ жүргізуші соңғы аялдамада оны өшіріп тастағанын айтқан болатын. Камералар 17 минут жұмыс істемеген. Бәрі аяқталғаннан кейін ол автобустан қашып шыққан. Соңғы аялдамада тұрған адамдар қызға ол жерден кетуіне көмектескен.

Сотта ер адамның  кінәсі дәлелденді. Қыз сот алдында жауап беріп, психиатрлар оның өтірік пен қиялға бейім емес екенін анықтады. Тергеу қызметкерлері барлық сараптамаларды жүргізіп, куәгерлерден сұхбат алды.

«Сот отырысында прокурор А. – ны кінәлі деп тануды және оған ҚК-нің 120-бабының 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 17 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. Ал қорғаушы тарап ақтауды сұрады», – делінген соттың баспасөз хабарламасында.

Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды сот қараған жоқ.

«Сот үкімімен А-ға ҚК-нің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша жазаның ең жоғары мерзімі тағайындалды. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сондай-ақ өмір бойы кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты педагогикалық және өзге де қызметпен айналыса алмайды», – делінген үкімде.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда екінші топ мүгедектігі бар 16 жастағы қызды зорлаған автобус жүргізушісі бостандықта жүргенін жазған болатынбыз. Ал 55 жастағы жүргузішінің қаланы көрсетемін дегеніне алданған қарындасым қорланғанын түсінбейді де деген болатын қыздың ағасы. Оқиға күндіз 3-4-тер шамасында автобустың ең соңғы аялдамасында болған. Ағасының айтуынша, оқиға болған кезде жүргізуші автобустағы бейнебақылау камерасын шамамен 15 минутқа сөндіріп тастаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!