Әлемде адам саны 8 миллиардқа жуықтап қалды. Кейбірінің түр әлпеті ұқсағанымен, мінез-құлқы, іс-әрекеті ұқсас болуы некен-саяқ. Сол себепті адамдар арасында түрлі кикілжің туындайтыны даусыз. Алла қанша ғұмырды көруді нәсіп етсе, сол аралықта түрлі адамды кездестіреміз. Ешқайсысына «әрі тұр, мен сізбен тілдеспеймін» деп айта алмаймыз. Бұған тәрбиеміз жібере қоймайтыны рас. Этикаға жат ғой. Дегенмен, ол адамдар жеке шекараға өтсе ше? Шынтуайтына келгенде, жеке шекараға өту, сізді құнсыздандыру зорлық-зомбылыққа жатады. Санаңызды улау арқылы өз пайым-түсінігін сізге сіңіреді. Мұндайда не істеуге болады? Жалпы, аға буын өкілдері өзінің философиясын өзгеге тықпалағанды жаны сүйеді. Сіздің еңбегіңізді, уайымыңызды, сезіміңізді, мәселеңізді құнсыздандыру қаншалықты дұрыс? Әлқисса…

Құнсыздандыруды өзгеге немесе өзіңізге жасауыңыз мүмкін. Біздегі заңның немесе еліміздегі жаңадан ашылып, ұзаққа бармай жатқан бағдар­ламалардың тілімен сөйлемей, әріден тарт­пай, бірден мысалмен түсінікті қылып жеткізейік.
Жаз айы кей адам үшін, әсіресе балалар үшін демалыс мезгілі. Ал мектеп пен университет бітіруші түлектер үшін өмірінің маңызды сәттерінің бірі. Мәселен, әупірімдеп жүріп 4-курсты аяқтап, қызыл дипломын алған түлекке айналасындағы адамдар былай айтса, «Сен алмағанда кім алады? Университеттің абыройын көтеріп жүрген сен емес пе? Әйтпесе ұстаздарың мен ректорың айғайға салып жүрер. Дипломның түсі маңызды емес, қызылды кім алмай жатыр?». Басы құрметтеуден басталып, соңы ғайбаттаумен аяқталды. Иә, дипломның түсі сіз үшін маңызды емес шығар, бәлкім? Енді контекстке қарай айтып жатқанымыз. Бірақ қызылды алып жатқан студент төрт жыл бойы терлеп жүріп оқыды, ізденді. Сондықтан бұл мысалда «құттықтап жатқан» адам студенттің еңбегін құнсыздандырып тұр.
Енді оқушыға қатысты мы­салмен сөзі­мізді са­бақ­тасақ. Талап­кер ҰБТ-ны тапсырып, 90 баллды еншіледі. Соған шүкіршілік етіп, қуанышында шек жоқ. Таңдау пәні физика-математика болғаннан кейін мамандықты шертіп тұрып таңдамаса да, мемлекеттік грантқа түсуге толықтай мүмкіндігі бар. Бірақ оған ұстазы «бар болғаны 90 балл ма? Миыңның жеткен жері осы ма? Енді IT-ға түсемін деп армандамасаң да болады» деген пікір айтады. Бұл – бір жыл бойы кітап оқып, есеп шығарып, тесттерді талдаған баланың еңбегін құнсыздандырудың көрінісі. Талапкер ұстазы айтпай-ақ, жинаған ұпайы қай мамандыққа жететінін біледі. Ол мүлде ақпараттық технологиялар саласында еңбек етуді мақсат етпеген болуы да кәдік. Сол себепті бұлай айту қаншалықты дұрыс?
Адамның еңбегін құнсыздандыруды айттық. Енді уайымын құнсыздандыру бойынша бірер мысал келтірсек. Тәңірдің жаратқан пендесі болғаннан кейін адамның денсаулығы сыр беретіні белгілі. Мұндай кезде жұмыс істеу түгілі, басын көтеріп жүруге құлқы болмайды. Жұмыс берушіге «бүгін ауырып қалдым, жұмысқа бара алмаймын» деп айтуға амалсыздан мәжбүр болады. Сол кезде басшы «бізде ауырып, жұмыста отырмыз» деп жауап береді. Бұл оқиға да адамның денсаулық жағдайын, уайымын құнсыздандыру болып есептеледі. Уайымға қатысты тағы мысалмен түсіндірейік.
– Ертең қиын сабақтан емтихан болады. Жаздық семестрге қалып қоймасам игі еді.
– Соны да қиын сабақ дейсің бе? Оп-оңай ғой, тоба! Сұрақтарды қарап, жауаптарын жаттап алсай.
Иә, сіз үшін ол пәннің қиын болмағаны жақсы. Бірақ басқа адам үшін өте қиын болу мүмкін. Сонымен қатар, бұл мәселеге алаңдау танытса, оның кітаптың бетін ашпай дайындалмағанын білдіртпейді. Тағы да адамның уайымын құнсыздандыруды көріп тұрмыз.
Бұған қоса, бір сағат көлемінде кітаптың қызығына батып, қуаныштан «мына кітаптың 100-ге жуық бетін оқып тастадым» десеңіз, «кей тұсын тастап кетіп оқып жатқан шығарсың» дейді. Бұл да сіздің еңбегіңіз бен сезіміңізді құнсыздандыруға жатады.
Дей тұрғанмен, құнсыздандырудың екі жағы бар. Саналы және бейсаналы, жағымды және жағымсыз, қолдау және келеке ету. Мәселен, «Мен сенің орныңда болсам, ананы-мынаны істейтін едім. Сенің жүрісің мынау 20-ға келіп, түк те бітірмедің. Иә болмаса, жұрттың қызы секілді тұрмысқа шығып, бала таппадың. Иә адамға, иә Құдайға керек емессің». Бұл құнсыздандыру ащы айтылғанымен, бос жүрмей, тірлікке ұмтыл, өмірге бейімдел дегенді білдіреді. Яки қолдау.
Сондай-ақ, ұстаздардың тапсырмасын орындап барғанда «Осы ғана ма? Деңгейің осыған жетті ме? Бар мүмкіндігіңді неге қолданбайсың?» деп айтатыны бар. Бұл да – құнсыздандырудың жарнақтары. Десе де, астарында қолдау бар.
Ең көп құнсыздандыру – өз-өзіңді бағаламау. Көбіне сыртқы күштердің әсерінен болады. Ес білгелі әр адамның көзқарас, пікірін тыңдау, тіпті біреуді эталон қылу арқылы туындайды.

ТҮЙІН. Біз өзіміздің қадір-қасиетімізді бағалай­тын адамдардың алдында ғана кем­шіліктерімізді ашық мо­йындай ала­мыз. Сол адамдар ғана сізді құн­сыз­дан­ды­ра алады. Бірақ ол – құнсыздандыру емес, қол­дау. Десе де, оны кім, қалай ай­тып тұр­ға­нына мән беру керек.

Азамат АБИМОЛДА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!