Фото:https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-sko/press/news/details/209291
Сот жүйесіне деген қоғамдық сенім − құқықтық мемлекеттің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осы сенімді қалыптастыруда сот шешімдерінің әділдігімен қатар, олардың қабылдану жағдайларының ашық әрі бейтарап болуы шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы жылдары енгізілген аумақтан тыс соттылық институты сот төрелігін жүзеге асырудың сапалық жаңа кезеңіне жол ашты.
Дәстүрлі түрде соттылық аумақтық қағидатқа негізделіп, іс туындаған жердегі сотпен қаралатын. Алайда қазіргі жағдайда бұл тәсіл әрдайым тиімді бола бермейді. Әсіресе, белгілі бір өңірде тараптардың ықпалы жоғары болған немесе қоғамдық резонанс тудырған істерде бейтараптық мәселесі өзекті бола түседі.
Осыған байланысты аумақтан тыс соттылық механизмі енгізіліп, істерді басқа өңірдегі сотқа беру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл -соттың тәуелсіздігін нақты қамтамасыз ететін пәрменді құрал.
Аумақтан тыс соттылық формальды рәсім емес, нақты қажеттіліктен туындайтын құқықтық шешім. Ол, әдетте, мынадай жағдайларда қолданылады:
-істі қарауға жергілікті факторлардың ықпал ету қаупі болғанда;
– соттың бейтараптығына күмән келтіретін мән-жайлар анықталғанда;
– тараптардың тең құқықтарын қамтамасыз ету қиындық туғызғанда;
– істі объективті қарау үшін қосымша кепілдіктер қажет болғанда.
Бұл ретте басты мақсат – істің қай жерде қаралатыны емес, оның қалай және қандай деңгейде әділ қаралатыны.
Аумақтан тыс соттылық тәжірибеде өзінің тиімділігін дәлелдей бастады. Біріншіден, ол сот процесіне сыртқы ықпал ету мүмкіндігін барынша төмендетеді. Екіншіден, судьяларға қысымсыз, тек заң мен ішкі сеніміне сүйене отырып шешім қабылдауға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, бұл тәсіл қоғамдағы күмәнді пікірлердің алдын алып, сот актілерінің қабылдануына деген сенімді арттырады. Азаматтар үшін ең маңыздысы – істің қай сотта қаралғаны емес, оның әділ шешім табуы.
Бүгінде сот жүйесінің цифрландырылуы аумақтан тыс соттылықты іс жүзінде тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Онлайн форматтағы сот отырыстары, электронды құжат айналымы, қашықтан қатысу мүмкіндігі – барлығы сот процесін жеңілдетіп, оның қолжетімділігін арттырды.
Нәтижесінде, іс басқа өңірдегі сотқа берілгеннің өзінде тараптар үшін қосымша қиындықтар туындамайды.
Аумақтан тыс соттылық – сот жүйесіндегі формальды өзгеріс емес, мазмұндық тұрғыдан маңызды қадам. Ол сот билігінің тәуелсіздігін нақты қамтамасыз етуге бағытталған заманауи құқықтық құрал ретінде өзінің өміршеңдігін көрсетуде.
Бұл институттың тиімді қолданылуы – әділ сот төрелігінің басты қағидаттарының сақталуына, ал түптеп келгенде, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғалуына қызмет етеді.
Г.Искакова,
Қызылорда қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының судьясы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!