Әділдік – қоғамның ең берік тұғыры. Ал сол әділдіктің салмағын иығымен көтеріп жүрген жандардың бірі – судья. Күн сайын сан түрлі тағдыр тоғысқан сот залында заң мен ар-ожданның таразысын тең ұстап, әр шешімнің артында тұрған адам өміріне жауапкершілікпен қарайтын бұл мамандық үлкен білімді ғана емес, зор төзім мен биік парасатты талап етеді.

24 маусым – Судья және сот қызметкері күні қарсаңында біз судья Лаура Карибаевамен әңгімелесіп, мамандықтың қыр-сыры, сот төрелігін жүзеге асыру жолындағы жауапкершілік, еңбек жолында кездескен күрделі істер, отбасы құндылықтары мен заң үстемдігі туралы сөз қозғадық.

– Кәсіби мерекеңізбен құттықтай отыра, мамандығыңыз туралы сұрасақ. Судьяның қолындағы балға – жай ғана билік белгісі емес, адам тағдырын таразылайтын жауапкершіліктің символы. Осы мамандықты таңдаған сәт есіңізде ме? Неге судья боламын деп шештіңіз?

– Рақмет! Менің еңбек жолым сот жүйесімен тығыз байланысты. Бірінші сатыдағы соттан бастап ҚР Жоғарғы Сотқа дейінгі деңгейлерде маман ретінде қызмет атқарып, сот жұмысының әртүрлі кезеңін өз көзіммен көрдім. Сол жылдар маған заңның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін және әділ сот төрелігінің адам тағдырындағы орнын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Судья болу туралы шешім де осы тәжірибенің нәтижесінде қалыптасты. Өйткені сотқа келген әр азамат өз мәселесінің әділ шешілуінен үміт күтеді. Сол сенімге лайық болу, заң мен әділдік қағидаттарына адал қызмет ету – менің міндетім.

– Еңбек жолыңызда қараған істердің ішінде жүрегіңізге ерекше салмақ салған, ұзақ уақыт ұмыта алмаған оқиға туралы айтып беріңізші.

– Ең есте қалған істердің бірі – мұрагерлік дауына қатысты іс. Бір отбасының жақын туыстары ата-анасынан қалған мүлікке байланысты ортақ мәмілеге келе алмай, дау сотқа дейін жеткен болатын. Істі қарау барысында даудың тек мүлікке қатысты емес екенін аңғардым. Оның астарында жылдар бойы жиналған өкпе, түсініспеушілік пен үзілген қарым-қатынастар жатты.

Сот заң аясында шешім қабылдайды. Алайда кейде жеңген де, жеңілген де тарап толық қанағаттанбауы мүмкін. Сол іс маған адам арасындағы сыйластық пен бірліктің кез келген материалдық құндылықтан жоғары тұру керек екенін тағы бір мәрте көрсетті.

– Сот залында заң бәрінен биік. Алайда кей жағдайда адам тағдыры мен заң талабының арасында күрделі таңдау туындайтыны анық. Осындай сәтте әділ шешім қабылдауға не көмектеседі?

– Судья қызметінде заң әрқашан басты орында тұрады. Кейде адамның жағдайын түсініп, оған жанашырлық танытқанымен, шешім қабылдау кезінде тек заң мен іс бойынша жиналған дәлелдерге сүйенуге тура келеді.

Әділдік дегеніміз – барлығына бірдей талап қою. Сондықтан судья үшін ең маңызды қасиеттердің бірі – бейтараптық. Заңға адалдық пен кәсіби жауапкершілік кез келген күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі деп ойлаймын.

– Көпшілік судьяны қатаңдықпен байланыстырады. Ал күн сайын түрлі қылмыс, дау-дамай, адам тағдырларымен жұмыс істеу эмоционалдық тұрғыдан қаншалықты ауыр? Кәсіби күйзелістен өзіңізді қалай қорғайсыз?

– Көпшілік судьяларды қатаң адамдар ретінде қабылдайды. Шын мәнінде, күн сайын түрлі тағдырмен бетпе-бет келу эмоционалдық тұрғыдан оңай емес. Әсіресе отбасылық, тұрғын үй немесе мұрагерлік дауларда адамдардың жан дүниесіндегі ауыртпалықты көресің.

Дегенмен кәсіби қызметте сабыр мен салқынқандылықты сақтау өте маңызды деп есептеймін. Ал күш-қуатты отбасыдан аламын. Жақындарыммен бірге уақыт өткізу, кітап оқу, табиғат аясында серуендеу жұмыс пен өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

– Сот залынан шығып, үйге оралған Лаура Мамытбекқызы өмірде қандай адам? Сіз үшін бақыт, отбасы және өмірдің басты құндылығы нені білдіреді?

– Жұмыстан тыс уақытта көпшілік секілді отбасыма оралатын қарапайым адаммын. Ана ретінде, ата-анамның қызы ретінде жақындарымның амандығы мен үшін бәрінен қымбат.

Мен үшін бақыт – үлкен жетістіктерден бұрын, отбасының тыныштығы мен берекесі. Адам өміріндегі ең үлкен байлық – сенім артатын жандардың қасыңда болуы. Сондықтан отбасы, адамгершілік, адалдық пен сыйластық менің өмірлік ұстанымдарымның негізі.

– Адам тағдырына қатысты эмоционалды істерді қарау кезінде жеке эмоцияларыңызды қалай бақылауда ұстайсыз?

– Шын мәнінде, сотқа келіп жатқан әрбір даудың артында адамның тағдыры, үміті мен уайымы тұрады. Сондықтан мұндай істер судьяны мүлде толғандырмайды деу – қате. Дегенмен судьяның кәсіби міндеті – эмоцияға емес, заңға сүйеніп шешім қабылдау.

Істі қарау барысында тараптардың жағдайын түсінуге тырысамын, бірақ қорытынды шешім тек заң талаптары мен зерттелген дәлелдемелер негізінде қабылданады. Судья үшін ішкі сабыр мен бейтараптықты сақтау аса маңызды. Өйткені әділ сот төрелігі дәл осы қасиеттерден басталады.

– Болашақта сот жүйесінде қызмет еткісі келетін болашақ мамандарға қандай ұсыныс-кеңес айтар едіңіз?

– Заң саласын таңдаған жастарға ең алдымен кәсіби білімге берік негіз қалыптастыруға кеңес берер едім. Заң үнемі дамып отыратын сала болғандықтан, үздіксіз оқу мен ізденіс – табысты заңгердің басты қағидаларының бірі.

Сонымен қатар заңгер үшін біліммен қатар адамгершілік құндылықтардың да маңызы зор. Адалдық, әділдік, жауапкершілік және еңбекқорлық – болашақ маманның кәсіби келбетін айқындайтын қасиеттер. Қандай қызмет атқарса да, заңгер қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, азаматтардың құқықтарын қорғауға қызмет етуі тиіс.

– 24 маусым – Судья және сот қызметкері күні. Осы мереке қарсаңында сот жүйесінде еңбек етіп жүрген әріптестеріңізге және әділдікке сенім артатын қазақстандықтарға не айтар едіңіз?

– Судья және сот қызметкерлері күні қарсаңында барлық әріптесімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Сот жүйесінде қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін абыройлы міндет.

Ал азаматтарға айтарым – заңға деген құрмет пен әділдікке деген сенім қоғамның тұрақтылығының негізі. Сот жүйесінің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Бізге жүктелген сенім әрқашан әділ қызмет етуге жігерлендіреді.

Баршаңызға амандық, бейбіт өмір және ел игілігі жолындағы бірлік тілеймін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!