Санаулы күнен еліміз 2022 жылға аяқ басады. Қазақтың жыл санауы бойынша 2022 жылы барыс жылы кіреді. Әр жылдың өзіндік ерекшелігі, алып келер несібесі бар. 2022 жыл несімен ерекше?

Психолог, теле және радиожүргізуші, белгілі қазақстандық нумеролог Айсұлу Ахимова алдағы жылға болжам жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, келер жылдың саны – «6».

«2022 жыл көп адамды төзімділікке, шыдамдылыққа сынайтын жыл болмақ. Нумерологияда «6» – бұл күшті сан. Негізгі сипаттамалар қаржы, әл-ауқат. Сонымен қатар, еңбекқорлықпен байланысты болады. Ақылға қонымды шешімдер мен логика, сенімділік пен батылдық жылы», – дейді нумеролог.

Бұл жылы әсіресе жұмысқа және кез келген бастамаларға күш салу керек. Сәттілікке немесе кездейсоқтыққа сенуге болмайды.

Нумеролог 2022 жыл экономикалық құлдырау мен тоқырауға ұшырауы мүмкін екенін айтты. Сондықтан азаматтарды шығындарға сақ болуға және нақты талдауға сәйкес әрекет етуге шақырды.

«Бұл жыл жалқаулықты кешірмейді, аспанда қалықтаудың қажеті жоқ. Қиялға берілмеңіз. Агрессия мен немқұрайлылықтан аулақ болыңыз», – деді ол.

Нумеролог маңызды бастама бастамас бұрын бір стакан таза су ішіп алу керек екенін тілге тиек етті.

«Егер сізге шұғыл түрде маңызды мәселені шешу қажет болса, стаканға таза ауыз су құйыңыз, сосын отырып бірнеше баяу жұтым жасаңыз. Сол кезде сізді мазалап жүрген сұрақтар жақын арада шешіліп, кенеттен жаңа ойлар пайда болады»,- дейді Айсұлу Ахимова.

Айсұлу Ахимованың айтуынша, жаңа жылда қызметтің жиі ауысуы, қоныс аудару болады.

«Осы жылы дүниеге келген сәбилерді кішкентайынан шыдамдылыққа, төзімділікке, еңбекке баулу маңызды. Гаджеттер мен компьютерлік ойындарға шектеу қою керек. Олар үшін шахмат және конструктор ойындары пайдалы.

2022 жылы шет тілдерін үйренуге, дағдыларыңызды жетілдіруге және өзіңізді тәрбиелеуге уақыт бөліңіз. Әсіресе 2022 жылдың ақпанынан бастап шет тілдерін үйренуді бастау тиімді», – деді ол.

Нумерлог денсаулыққа қатысты да айтты.

«Биыл бауыр мен қан айналымы жүйесінің жұмысына назар аударған жөн. Табиғатқа жиі шығып тұру керек. Йога, би, футбол және серуендеу пайдалы», – деп түйіндеді Айсұлу Ахимова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!