Осы жыл әлемдік аренадағы танымал туындыларды тамашалайтын киносүйер көрермен үшін сәтті болмақ. Олай дейтініміз, адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған кино саласындағы биылғы жаңалықтар төрткүл дүниені дүр сілкіндірмек.

Қысқасы, жыл соңына дейін прокатқа шығып, киноман жүрегін жаулайтын, әлемдік жұлдыздардың қатысуымен жол тартатын ең үздік фильмдердің тізбегін ұсынбақпыз. Ендеше, бос уақытын кино қарауға арнайтын оқырман, төмендегі жазбаға үңіліңіз…

«Мумия»

Бұған дейін 3 туындысы жарық көрген «Мумия» фильмі көптің көңілін жаулаған. 1999, 2001, 2008 жылдары талқыға түскен бұл жоба қайта жанданды. Бірнеше жыл бұрын «Blumhouse» және «New Line» жаңа бөлімді қойған болатын. Басты рөлдерді сомдайтын Брэндон Фрейзер мен Рэйчел Вайс қайта оралып, көрермен көңілін көтеріп қойды. Фильмді «Radio Silence» атымен танымал режиссерлер дуэті – Мэтт Беттинелли-Олпин мен Тайлер Джиллетт түсіреді. Сондықтан осы жылдың негізгі туындысы болады десек қателеспейміз.

«Майкл»

2026 жылы киносүйер жандарды елең еткізген жаңалықтың бірі – «Майкл» киносы. Даңқты Майкл Джексон өміріне арналған биографиялық драма жыл премьераларының қатарында. Әрине, Антуан Фукуа түсірген бұл фильм жарыққа шығып қойды. Десек те, әлі де болса уақыт бөліп қарауға тұрарлық екені даусыз. Оның үстіне әлеуметтік желідегі тамашалаған жандардың пікірлері қарамасқа қоймайды. Айта кетейік, поп- патшаның рөлін оның жиені – Джаафар Джексон сомдайды. Фильм Jackson 5 кезеңіндегі ерте жылдарынан бастап, әлемдік даңққа дейінгі жолын қамтиды.

«Мандалорец және Грогу»

«Мандалорец» сериялын тамашалағандар бар ма? Фантастикалық туындыларға қызығатын жандар үшін «Lucasfilm» бұл киноның жалғасын ұсынады. Оқиға Галактикалық Империяның күйреуінен және «Жұлдызды соғыстар: Эпизод 6 – Джедайдың оралуы» оқиғаларынан бірнеше жыл өткен соң өрбиді. Нақтыласақ, зұлым Империя құлап, бірақ ондағы қолбасшылар әлі де ғаламшарда шашырап жүреді. Ал жаңа республика бейбітшілікті сақтауға тырысқан сәтте, аңызға айналған мандалорлық жауынгер Дин Джарин, яғни танымал актер Педро Паскаль мен оның кішкентай шәкірті Грогу жаңа миссияға аттанады. Бұған дейін көптің сұранысында болған туындының ерекше болатыны анық. Сондықтан қапы қалмаңыз.

«Супергерл»

DC студиясы ұсынған киноларды үзбей қарайтындар қатары көп екені рас. Ал олар Джеймс Ганн DC жаңартылған әлемін дамытуды жалғастырып, «Суперменнен» (2025) кейін Супергерлге арналған жеке фильмді таныстырды. Туындының сюжеті Том Кинг пен Билквис Эвлидің Supergirl: Woman of Tomorrow мини-сериясына негізделген. Милли Олкок Кара Зор-Эл рөлін қайта сомдап, 21 жасқа толған күнінде галактикааралық сапарға аттанады. Жолда ол жас қызбен кездесіп, оның мұңлы тарихы Супергерлді қауіпті кек жолына қарай жетелейді. Міне, оқиғасы осылай өрбитін туындының да кассасы аз болмайтыны анық.

«Өрмекші адам: Жаңа күн»

Бәрін қойшы, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жүрегінен жол тапқан туынды осы – «Өрмекші адам». Әртүрлі бағытта көрерменді қызықтыра білген фильмнің басты рөлін сомдайтын Том Холландтың өзі көп нәрсеге дәлел бола алады.

Кезекті шығарылымда сол баяғы Зендая Питер Паркер мен Мэри Джейн рөлдеріне қайта оралады. Фильм алдыңғы оқиғалардан кейінгі кезеңге жалғасып, тұлғасын құпия сақтау үшін жақын адамдарынан бас тартқан Питердің жалғыздығын көрсетеді. Жәй ғана трейлерін тамашалаған жан барлығын анық түсінгендей болуы мүмкін. Бірақ сағатқа жалғасқан кинодан біршама дүниені байқауға болады.

«Кек алушылар: Қиямет күні»

Жыл соңында әлемді сілкіндіретін фильмді «Marvel» студиясы дайындап жатыр десем сенесіз бе? Иә, кек алушылардың өмірі финалдық бәсекемен, Тордың өмірден өтуімен аяқталмайды екен. 2019 жылғы жобадан кейін көпшілік көзіне жас алып, қаһармандарын енді көрмейміз деп қынжылған. Бірақ мұндайды мүлт жібермейтін студия тағы бір тамаша жаңалықпен барлығын елең еткізіп қойды.

Ал актерлік құрам рекордтық деңгейде, тіптен таң қаласыз. Айталық, Крис Хемсворт, Ванесса Кирби, Энтони Маки, Себастиан Стэн, Летишиа Райт, Пол Радд, Уайатт Рассел, Симу Лю, Флоренс Пью, Келси Грэммер, Педро Паскаль және басқалары қайта көгілдір экранға оралады. Бірақ басты интрига – фильмнің антагонисі Доктор Дум, оны Роберт Дауни-кіші сомдайды. Білесіз ғой иә, Рорберт Дауни деп отырғанымыз, финалдық бәсекеде өмірден өткен «Темір адам». Енді ойлана беріңіз, Ваканданың ханшайымы, Доктор Стрендждің сиқыры, таңғажайып төрттікпен үйлескен тандем, Расомаханың оралуы сізді мойындатпай қоймайды. 3 сағаттық кино әлемнің бірінші кассасы болуға дайын секілді. Сіз қалай ойлайсыз? Бастысы, желтоқсан айындағы бос күндеріңізді жоспарлап қоя беріңіз.

«Өлмейтін адам»

Италиялық банданы таспалаған «Peaky Blinders» сериалының жалғасы ретінде Томас Шелбидің тағдыры тағы да көрерменге жол тартады. Бұл жолы ол саяси ойындар, қылмыстар мен өткен күнәлардың шырмауында қалады. Фильм драмалық оқиғаларға, эмоциялық толқындарға және тарихи детальдарға толы болып, сериал жанкүйерлеріне көптен күткен финалды ұсынады.

Бұған дейін 6 маусым, 36 сериямен көптің көңілін жаулаған туынды көп жастың арасында қызу талқыға түскен. Тіпті біздің елде, өңірде сол жігіттерге еліктеп, киіну стилінде өзгерткендер де болды. Оның ішінде кейіпкерлер басынан тастамай киетін бас киімнің саудасы осы киноның арқасында жүргені рас.

«Джуманджи 3»

Дуэйн Джонсон таңқалдырудан жалықпайды. Бұған дейін талай фильмнің басты рөлін сомдаған актер «Джуманджи» арқылы да көптің жүрегінен орын тапқан. Ойын мен шын өмірді байланыстырған шытырман оқиғаның соңы қалай аяқталыны барлығына қызық.

Ендеше, ойын қайта басталды. Бұл жолы оның ережелері мүлдем өзгереді. Бұрын басқа әлемде болған жағдай шынайы болып, ойын жануарлары адамдардың өміріне енеді. Ал кейіпкерлер осы хаосты тоқтату үшін бірігеді. Фильм күлкіге, шытырман оқиғаларға және жұмбақ оқиғаларға толы болып, барлық жастағы көрермендерге қолайлы болады.

2026 жыл кино әлемі үшін жарқын және үлкен премьералар жылы болатыны сөзсіз. Әрбір фильм көрерменді күтпеген оқиғалармен ғана емес, эмоциямен және ерекше әсермен таңқалдырады. Құрметті оқырман, сүйікті кейіпкерлеріңізді сағындыңыз ба? Ендеше, жаңа деммен шытырман оқиғаларға дайын болыңыз.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!