Аikyn.kz. Музыка – адам миына бірден әсер ететін ерекше құбылыс. Әуенді ести сала көңіл-күйдің өзгеруі, өткен бір сәттің ойға оралуы немесе дененің еріксіз ырғаққа еруі бәрі мидың музыкалық сигналды тез қабылдап, бірнеше орталықты қатар іске қосуымен байланысты. Соңғы жылдары жүргізілген тәжірибелер музыка тыңдағанда мидың тек есту аймағы емес, эмоция, жад, қозғалыс және зейінге жауап беретін бөліктері де белсенді болатынын анық көрсетті. Сонымен қатар музыканың миды осылай кең қамтуы оның бізге тек әсер емес, нақты психологиялық және физиологиялық ықпал жасайтынын дәлелдейді. Әуеннің ырғағы эмоцияны реттейді, таныс әуендер естеліктерді қайта оятады, ал тыныш музыка стресс деңгейін төмендетуге көмектеседі. Яғни, музыка ми үшін жан-жақты жұмыс істейтін табиғи стимул іспеттес. Бұл жазбамыздың мақсаты осы, яғни музыканың мида қалай өңделетінін, эмоция мен жадқа қандай әсер ететінін және күнделікті өмірде бұл әсердің неге маңызды екенін қарапайым тілмен түсіндіру.

Әуенді (музыканы) қабылдау құлаққа келген дыбыстың есту жүйесіне түсуінен басталады, бірақ оның әрі қарайғы жолы әлдеқайда күрделі. Бізге қарапайым көрінетін әуеннің артында мидың бірнеше бөлігі бір уақытта жұмыс істейді. Дыбыс толқындары құлаққа жеткен соң, олар электрлік сигналға айналып, мидың есту қабығына жеткізіледі. Осы жерде ырғақ, дыбыс бояуы сияқты негізгі элементтер бөлініп, жеке-жеке талданады.

Ырғақ мидың қозғалысқа жауап беретін аймақтарында өңделеді. Сондықтан адам музыка тыңдағанда еріксіз басын изейді, қолын немесе аяғын қимылдатады. Бұл ми ырғақты қозғалыспен байланыстырып қабылдайтындықтан. 

Музыка тек тыңдаумен шектелмейді. Мидың эмоцияға жауап беретін орталықтары да бірден іске қосылады. Сол себепті әуенді тыңдай салысымен көңіл-күй өзгереді. Егер музыка таныс болса, жад орталықтары да белсенді болады. Бұл процестің нәтижесінде адам белгілі бір әуенді бала кезінен немесе маңызды сәттен бірден таниды. Көп жағдайда біздің музыкалық талғамымыз да осы естеліктермен тығыз байланысты. Ғалымдар музыканың мида осылай бірнеше бағытта қатар өңделуі оның адам өмірінде неге соншалықты маңызды орын алатынын түсіндіреді. Әуен бізге әсер еткенде, бұл тек құлақпен естілетін дыбыс емес, ми оны эмоциямен, қозғалыспен, тіпті өмірлік тәжірибемен байланыстырып қабылдайды дейді.

Эмоция жайлы жазып көрсек. Нақты  айтсақ, музыканың эмоцияға әсерін. Әуен басталған сәтте-ақ көңіл-күйдің өзгеруі жай ғана психологиялық реакция емес, мидың эмоцияға жауап беретін жүйелерінің белсенділігінен туындайды. Музыка миға түскен кезде лимбикалық жүйе деп аталатын аймақ іске қосылады. Бұл аймақта қорқыныш, қуаныш, алаңдау, толқу сияқты негізгі сезімдер өңделеді. Сондықтан музыка көңілді не мұңды болуы мүмкін, ал біз оны еш ойланбастан сеземіз. Зерттеулер көрсеткендей, музыка тыңдау кезінде ми дофамин деп аталатын ләззат гормонын бөледі. Бұл гормон әдетте тәтті жегенде, сүйікті адамды көргенде немесе күткен мақсатқа қол жеткізгенде бөлінеді. Яғни, музыка адамның табиғи марапаттау жүйесіне тікелей әсер етеді. Сол себепті кей әуендер бізге ерекше қуаныш сыйлайды, ал кейбірі керісінше ойға батырады.

Музыканың эмоцияны оятуы оның құрылымына да байланысты. Жылдам ырғақ сергектік пен энергия береді, баяу әуен – тыныштық пен босаңсу сезімін тудырады. Минорлы (қайғылы) тональді музыка көбіне мұң мен сағыныш сезімін күшейтеді, ал мажорлы (сергек, қуанышты) әуендер жеңіл әрі жарқын эмоция шақырады. Бірақ бұл жалпы заңдылық қана. Әр адамның қабылдауы әртүрлі, өйткені эмоциялық реакция көбіне жеке тәжірибемен байланысты. Танымал әуенді ести сала өткендегі бір сәт есіңізге түсетіні содан. Музыканың эмоцияға осылай тікелей әсер етуі оның неліктен психологиялық қолдау құралы ретінде жиі қолданылатынын түсіндіреді. Көп адам стресс кезінде баяу музыка тыңдап тынығады, ал мотивация қажет кезде жылдам ырғаққа жүгінеді.

Әуен эмоцияны басқаруға көмектеседі, ал бұл – ми жұмысының табиғи механизмі.

Енді музыка мен жадтың байланысы жайлы бірер сөз. Таныс әуенді ести сала балалық шақтағы бір сәт, мектептегі мереке, алғашқы би немесе маңызды оқиға ойға оралуы, бұл кездейсоқ жағдай емес. Музыка есте сақталатын ақпаратты эмоциямен байланыстырып, жадқа тереңірек бекітеді. Сол себепті біз ән сөздерін жылдар бойы ұмытпай сақтаймыз, ал кей қарапайым ақпаратты бірден ұмытып қаламыз.

Музыканың жадқа әсерінің басты себебі оның гиппокамп деп аталатын аймақпен тығыз байланысы. Гиппокамп – адамның жаңа ақпаратты қабылдауына және оны дұрыс сақтап, қажет кезде қайта шақыруына жауап беретін негізгі орталық. Музыка тыңдалғанда гиппокамп белсенді жұмыс істейді, сондықтан әуен эмоциямен бірге есте тез қалады. Әсіресе, ерекше көңіл-күйде немесе ерекше ортада тыңдалған музыка ұзақ уақыт бойы жадта сақталады.

Бұл жайлы медицинада да дәлелденген жағдайлар бар. Мысалы, Альцгеймер немесе деменцияға шалдыққан адамдарда көптеген естелік жоғалады, бірақ таныс әндер естілгенде белгілі бір оқиғалар немесе сезімдер қайта оянып жатады. Бұл музыкалық жадтың ми зақымданса да көп жағдайда соңына дейін сақталатын ерекше түрі екенін көрсетеді. Осы себепті музыкалық терапия когнитивтік аурулары бар адамдарды қолдау үшін кең қолданылады. Тіпті керек десеңіз, музыка жадты күшейтіп қана қоймай, оны белгілі бір тәртіпке келтіреді. Ән құрылымы (қайталану, ырғақ) миға ақпаратты жүйелеуге көмектеседі. Сондықтан музыка біз үшін тек дыбыс емес, естеліктерді сақтайтын, өткенді қайта тірілтетін қуатты құрал.

Жалпы ойлап қарасақ, музыка адамға екі бағытта әсер етеді екен. Бір жағынан ойды жинақтап, зейінді күшейтеді, екінші жағынан эмоционалдық жағдайды реттеп, тыныштандырады. Сондықтан музыка тыңдаудың ойлау процесіне әсері мен терапиялық пайдасын бөлек емес, бір-бірімен байланысты құбылыс ретінде қарастыру дұрыс. Әуенді тыңдағанда ми сыртқы ақпаратты реттеп, алаңдаушылықты азайтады, назарды бір нүктеге жинауға көмектеседі. Осындай ойды реттеудің өзі терапиялық әсердің алғашқы қадамы. Музыка эмоцияны жұмсартып, адамды тыныштандыра алады. Баяу әуен жүрек соғысын бәсеңдетіп, тыныс алуды тегістейді. Ал жылдам әрі жігерлі музыка күш-қуат береді. Музыка осылайша адамның ішкі күйін сырттан басқаруға мүмкіндік беретін табиғи құралға айналады. Оның әсері мида эмоция, естелік және зейінге жауап беретін орталықтардың бір уақытта белсенді болуымен түсіндіріледі.

Музыка терапиясы осы ерекшеліктерді мақсатты түрде қолданады. Жұмыс немесе оқуда жүйке қысымы күшейгенде әуен тыңдау, миды тыныштандырудың жеңіл жолы. Психологиялық қысымға ұшыраған адамдар үшін де музыка сезімді жұмсартып, ішкі ауырлықты сыртқа шығаруға көмектеседі. Сондықтан көптеген медициналық және психологиялық орталықтарда музыка арнайы әдіс ретінде қолданылады.

Осы тұрғыдан алғанда, күй тыңдау – терапияның қазақы жолы. Күйдің ырғағы, әуені адамның ішкі әлемін бірден қозғалдырады. Оның сөзі болмағандықтан, тыңдаушы өз сезімін әуен арқылы (күй тілі арқылы) қабылдауға мүмкіндік алады. Көп адамдар күй тыңдағанда бойы жеңілдеп, ойы тынышталып қалатынын жиі айтады.

Музыка адам миына бірден әсер етіп, дыбысты өңдеу, эмоцияны реттеу, естеліктерді ояту және зейінді жинақтау сияқты бірнеше процесті қатар іске қосады. Сол себепті әуен көңіл-күйді өзгертіп, ойды тыныштандырады немесе қуат береді. Таныс әуендер өмірдегі маңызды сәттерді еске түсірсе, музыка терапиясы эмоцияны басқаруға және стресті азайтуға көмектеседі. Музыканың бұл әсерін сезіну үшін ғылыми білімнің қажеті жоқ. Әр адам оны күнделікті өмірінде байқайды. Осы қасиеттердің арқасында музыка ойды да, көңілді де реттейтін табиғи құрал ретінде адам өмірінің тұрақты бөлігі болып қала береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!