KAZINFORM – Сандардың сиқырына сенетіндер үшін 2026 жыл ерекше болмақ. Kazinform агенттігінің тілшісі мамандардың болжамын саралап, келер жылдың қандай өзгерістер әкелетінін зерттеді.

Нумерология мектебінің негізін қалаушы Айман Жетпісбаева 2026 жыл «1 санының» рухани энергиясымен үйлесетінін атап өтті.

– Бұл – жаңа бастамалардың іргетасы қаланатын кезең. Ауқымды өзгерістер болжанады. Жылдың стихиясы – от. Ол – жылдамдықтың, қозғалыстың, прогрестің символы. Сондықтан келер жылы барлық сала қарқынды дамиды. Ел үшін жыл стратегиялық даму векторын белгілеу, ескі ойлау моделінен шығу жылы болып саналады, – дейді Айман Жетпісбаева.

Нумерологтің айтуынша, 2026 жыл құрылымдық өзгерістерге толы.

– Ол бұрынғыдан өзгеше әрекет етуге және қабылданған шешімдерге жауапкершілікпен қарауға шақырады. 2026 жылды ғылым, спорт және IT жылы деуге болады. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды қадамдар жасалады. Автоматтандыру, цифрландыру, жаңа сервистер мен жасанды интеллект қарқынды дамиды, – дейді ол.

Сондай-ақ, жыл реформаларды бастауға және жаңа басқару модельдерін енгізуге қолайлы.

– Бұл кезеңде маңызды концепциялар, стратегиялар қабылдануы мүмкін. Экономика үшін жыл қайта құрылымдау кезеңі саналады. Қаржы саласында белсенділік артады, ал бизнес үшін жаңа жобаларды бастау, әсіресе инновация мен технология саласында тиімді болады. Еңбек нарығы трансформациялануы мүмкін. Дәстүрлі мамандықтар ығысып, жаңа дағдыларға сұраныс артады, – деп түсіндірді нумеролог.

Ал белгілі астролог Виктория Сквирская 2026 жылы табыс белсенді әрекет етіп, әдеттегі шеңберден шыға алатын адамдардың жанынан табылатынын жеткізді.

– Жылдың басты фавориттері – егіздер, шаян және арыстан. Бұл белгілерді кәсіби өсім, табыстың артуы және оң өзгерістер күтеді. Ал суқұйғыш, бикеш пен тоқты белгілерінде қиындықтар туындауы мүмкін, – дейді астролог.

Виктория Сквирская барлық белгілерге белсенді болуға және шешімдерді батыл қабылдауға кеңес береді. Денсаулыққа да мән беру маңызды.

– Бұл жылы денсаулыққа, әсіресе жүйке жүйесіне ерекше көңіл бөлген дұрыс. Өзгерістерді күтпей, өмірін өзгертуді әр адам өзінен бастау керек, – деп кеңес берді ол.

Астрологтің айтуынша, от стихиясын көтеретін жандарға, яғни 1966-1967, 1976-1977, 1986-1987, 1996-1997, 2006-2007 жылдары туған жандар үшін жыл сәтті болады. Сонымен қатар туған күн мен айдың қосындысынан 1, 5, 6 немесе 8 саны шыққан адамдар үшін де жыл қолайлы.

Виктория Сквирская жылдамдыққа толы жылда сақ болуға шақырады.

– От – жылдам стихия. Демек, ойлануға да уақыт тапшы болады, тез шешім қабылдап үйрену қажет. Ақпан және жаз айларында табиғи апаттарға байланысты сақ болған жөн, – дейді астролог.

Айта кетейік, шығыс күнтізбесі бойынша 2026 жыл – қызыл отты Жылқы жылы. Ол 2026 жылдың 17 ақпанында басталып, 2027 жылдың 5 ақпанына дейін жалғасады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!