CINEMA

Облысымыздың сол жағалауында бой көтерген «Болашақ» университеті өзінің тың идеяларымен халықты таңғалдырып келеді. Соның бір дәлелі – жақында ғана тұсауы кесілген «Bolashaq bridge» толық метражды фильмі. Жастардың қолдаушысы, жаңашыры, университет жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.Досманбетовтің тапсырысы бойынша түсірілген фильм – Сыр өңіріндегі ең алғашқы толық метражды кинофильм.Туындыны бұған дейін қысқа метражды төрт фильм және сериалдар түсіріп, көрермендерінің оң бағасын алып үлгерген «Aslan films» киностудиясы түсірді.

Ж.Алдабергеновтің режиссерлігімен түсірілген фильмге жастар арасында кастинг жарияланып, басты рөлге таланты мен қабілетін таныта білген – Қ.Тұрсынбай, А.Жалғасов және Ж.Өксікбай таңдалған. Сондай-ақ университеттің жас мамандары мен студенттері де кастингтен өтіп, өздерінің актерлік қырларын аша білген. Фильмді түсірудегі басты мақсат – студенттердің қызықты, естен кетпес өмірін еш боямасыз шынайы көрсету болды. Фильмде жиырма бес жыл тарихы бар «Болашақ» университетінің білім берудегі тәжірибесі мен мүмкіндігі, жаңа жатақхана мен университет қабырғасында жастардың барлық жағдайы қамтылған.

Аталмыш туындының «Kinoplexx» кинотеатрында тұсау кесері өтті. Тұсаукесерге аймағымыздың ел ағалары, қоғамның белсенді мүшелері мен жастар қатысты. Фильмді тамашалаған қонақтар құттықтаулары мен пікірлерін білірді. Сонымен қатар университет ректоры Қ.Дәуренбеков фильмде  шеберлік көрсеткен актерлерді марапаттады.

– Жалпы кино техникалық жағынан жақсы, жастарға кәсіби бағдар ретінде басқа оқу орындарына үлгі боларлықтай. Мораль бар, еңбек бар, бірақ «кино» деп айтуға келмейді, – дейді белсенді жас Талғат Меңдібаев

– Керемет туындының куәсі болдық. Мені қуантқаны, рөлдерді сомдаған барлық әртістер университет студенттері. «Кино қаралым барысында алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Аз ғана уақыт ішінде жақсы әсер қалдырды,– деді Болатбек Айтбенбетов.

Фильм сюжеті университетте қарапайым үш достың қиындыққа тап болып, ректор орынбасарының тапсырмасы бойынша студенттерді қарсы алу кешін ұйымдастыру барысымен өрбиді. Студенттік шақтың қайталанбас сәттері, достық, махаббат пен  комедия барлығы фильмде үйлесім тапқан. Егер де өзініздің студенттік сәттеріңізді еске алғыңыз келсе немесе жәй ғана бір сәтке болсын өмірдің қарбаласынан босап, көңіл күйіңізді көтергіңіз келсе, Youtube әлеуметтік желісінен «Bolashak bridge» фильмін көруге кеңес беремін.

Жансая УӘЛИҚЫЗЫ

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ