Baiqau

Волонтерлар Jas star өнер додасында бақ сынады. “Бұл той бұрынғыдан өзгерек” демекші, бұл өнер додасының да ерекшеліктері көп. “Ақмешіт” гуманитарлық-техникалық институты және “Қазақстан еріктілерінің лигасының” ұйымдастыруымен өткен Jas Star өнер байқауының мақсаты – жастардың бос уақытын қызықты өткізуге ықпал ету, өнерлерін одан әрі дамытуға үлес қосу.

“Жаңа жылдық кеш пен абыр-сабырдан кейін сәл аялдап, енді қай шараны қолға алсақ екен деген ой келді. Әдеттегі концерттен жастар жалықты, бұрынғыдай қызықтырып жинай алмайсың. Волонтерлар құлшынып,  еркімен қатыспаса тағы да нәтиже оңбайды. Осыны ескере келе, Айнұр Ерталапқызымен кездесіп, ерекше дүние жасағымыз келді. Осылайша  Jas star атты өнер додасын жарияладық. «Қызылорда еріктілерінің лигасы» жастарының арасында өткізілетін байқау ерекшелігі, жарысқа қатысушыларымыз бен қазылар алқасы бір-бірінің жүзін мәреге дейін көре алмайды. Сонымен бірге көрермен дауысы номинациясы арқылы көпшіліктің де ой пікірімен санасатын аламанды бастадық. Қазылар алқасы 13 өнерпаздың тек біреуіне ғана бұрылып қарай алатын болды. Өзгелердің өнерін қарама-қарсы отырған залдың эмоциясы арқылы және құлағына жеткен әуенмен бағалай алады. Ән, қара өлең, ақындық, аспапта ойнау сынды бағыттар қамтылған шарамыздың басты өнерпазы қазақ елінің мақтанышы, 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннің қатысуы, сондай-ақ сыйлықтарымен арнайы ат басын бұруы еді. 2 сағатқа жуық уақытқа жалғасқан шара қорытындысында үздіктер мен қонақтар арнайы естелік сыйлықтармен марапатталды, – деді “Қызылорда еріктілер лигасының облыстық филиал жетекшісі Нұрлытаң Саймағанбетов.

Бүгінде жастардың өнерге деген құлшынысы жоғары. Бірі ән шырқаса, енді бірі би билеуге құмар. Болашақта керемет дауыс иесі мен мың бұрала билейтін бишілердің шығары анық. Ал бұл байқауға қатысушылар қай бағытта да өнерлі екенін тағы бір дәлелдеді.

“Жастардың өнерге деген ынтасын, қызығушылығын шараның көркін кіргізді деуге әбден болады. Бас жүлдені Болат Ермек иеленді. Ал “Халық дауысы” номинациясына Ақмешіт колледжінің шәкірті Айнұр Айтуған лайықты деп танылды. Бұл шара маған қатты ұнады. “Мынау таныс қой, туыс қой” деп бөліп-жару болмады. Біз тіпті кімнің-кім екенін де білгеніміз жоқ. Таза өнерді бағаладық. Волонтер жастардың құлшынысына ризамын”, – деді “Волонтерлар фронт офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.

Бір айта кетерлігі, өнерпаздар “Қазақстанның еріктілер лигасының” мүшелері болды. Сондай-ақ қатысушылар өзі қалаған бағыттары бойынша жанды дауыста ән айту, өлең оқу, аспапта ойнау өнерін көрсету т.б. бағытта өнер көрсетті. Би және фокус өнері бойынша конкурс болмады. Сахна мәдениетіне, сөз саптауына, образға енуіне баса назар аударылды. Өнер көрсетушілердің барлығы жүзін толық жабатын бетпердемен келді.

– Өзіңіз көргендей, қатысушыларды біз көре алмадық. Дауысын тыңдап баға бердік. Ұнаған бір адамға ғана бұрылуға мүмкіндік болды. Оған қазылар алқасының тарапынан үш балл берілді. Жасы болғансын ба қара өлең мен, термеге жоғары баға бермедім. Өйткені жастардан жаңа дүниені күттім.  Бір жастың өнері ерекше ұнады. Ол волонтерлардың жұмысына арнайы өлең шығарып, оны домбырамен жеткізді. Сондай өнерлерді күттік. Жастар болған соң жаңашылдық алда тұру керек. Ұлттық құндылықтағы шара болса, мәселен, Тәуелсіздікке қатысты болса, терме тыңдап, күйдің ретін келтіруге болар еді. Басқасы өте жақсы ұйымдастырылған. Келдің, кеттің жоқ. Барлығына ерекше көңіл бөлініп, барлығы да уақытқа қарап қайтуға асыққан жоқ. Тіпті жастардың қызығушылығы жоғары болды. Бұл шығармашылықты дамыту шарасы ретінде ғана емес, волонтерлар байланысын нығайтуды көздеді, – дейді Qosul жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілік.

Абылайхан ЖҮНІС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!