Қазақ халқында үйге қонақ келгенде жас баланың қолына құман беріп, ас ішердің алдын қонақтың қолына су құйғызатын дәстүр бар. Аңыздарда бұл дәстүр Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі. Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айрылғанда қайғыдан қан жұтады. Құдай оны жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Дәуіт ұлды болардың қарсаңында Жебірейіл періште уахи әкеледі.
– Әй, Дәуіт! Тәңірі саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ ол баланың қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба? – дейді. Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да ризамын», – деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды. Дәуіт патша болғандықтан, оның сарайына күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдында қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар:
– Ғұмыр жасың ұзақ болсын!
– Құдайдың сүйікті құлы бол!
– Әділ патша бол!
– Екі дүниенің сырын біл!
– Дұшпаныңа қатал, досыңа адал бол!
– Ғалым бол! – деп, тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен.
Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып азамат болып ер жетеді. Бір күні Дәуіт Тәңірісіне:
– Уа, Жаббар Ием, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет? – деп сұрайды. Ұлық Алла:
– Рас айтасың. Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаудырып, батасын береді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – Халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бастап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Бүкіл он сегіз мың ғаламға патша қыламын, – деді. Осыған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі Сүлеймен» деген сөздер ел арасына таралыпты. Қазір де қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкен кісілердің батасын ал», – деп су құйғызады. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген тәмсіл сөз Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі.
БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
Балаларға арналған “Әлем әдебиеті” сериясының өнімдері тағы үш кітаппен толықты. Атап айтар болсақ, Д.Мукержидің «Хари мен Кари», И.Тургеневтің «Бөдене», Д.Мамин-Сибиряктің «Асыранды аққу» атты шоқтығы биік шығармалары қазақ тіліне аударылды. Бұл кітаптар баланың таным көкжиегін кеңейтуге, табиғатқа деген махаббатын ашуға, кітапқа деген құмарлығын кФСүшейтуге бағытталған. Бұл жобада балаларға ерекше қызық болатын шығармалар таңдап алынған. Аударма сапасы жФСақсы әрі тілі жеңіл. Бұған дейін дәл осы шетел әдебиеті айдарымен “Жан Кристоф”, “Нелло мен Патраш”, “Мүнхаузеннің басынан кешкен хикаялары”, “Гулливер лилипуттар еліне саяхат”, “Қасқыр” сынды бес кітап жарық көрген болатын. Балаларыңызға қуаныш сыйлап, жаңа әдебиеттермен таныстыруға асығыңыз.